«Сарыағаш», «Алматы», «Ақ бұлақ» шипажайларының, «Алатау» балалар шипажайының, сондай-ақ тағы бірқатар жеке шипажайлардың басшылары ҚР шипажайларындағы медициналық, сауықтыру қызметтерін жақсарту және шетелдік туристтерді тарту мақсатында Венгрия мен Австрияның емдік  жылы (термальды) сулы курорттарында болып, олардың жұмыстарымен танысты.

Сапар ҚР ДСМ «Медициналық туризм мен импорталмастыруды дамыту» жобасын жүзеге асыру аясында жасалды. Турды ҚР Ұлттық курорттық қауымдастығы ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Сапар барысында қазақстандық менеджерлер венгерлік «Дьер», «Бюк фюрдо» «Хевиз», «Залакорош» және австриялық «Баден» курорттарының жұмыстарымен танысты.

Бұл елдерде медициналық туризм деңгейі жоғары, жақсы дамыған. Тек  «Хевиздің» өзіне ғана  бір жылда келетін шетелдік туристтер саны бір миллионнан асады екен. Венгрияның ең серпінді дамып келе жатқан Бюкфюрдо курортындағы сумен емдейтін орын маусымға қарай 5-8 мың қонақ қабылдай алады. Туристтер негізінен жақын елдерден келеді, қонақтардың жартысынан көбі  Австрия мен Германиядан. Соңғы жылдары Ресейден баратын туристтер саны артуда.

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы медициналық ұйымдардың өз қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру қағидатындағы медициналық ұйымдар жауапкершілігін сақтандырудың құқықтық тетіктерін әзірлеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді.

Шараға ҚР Ұлттық банктің, ҚР Сақтандырушылар қауымдастығының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, «Арман» отбасылық және медициналық құқық бюросы» ЖШС, Ұлттық денсаулық сақтау палатасының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері,  сондай-ақ  ҚР ДСМ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы мен «ТОҒЗИ» РМК өкілдері қатысты. Отырысқа селекторлық тәртіпте Қазақстан аймақтарынан да медициналық ұйымдар қатысты.

Талқылау барысында сақтандыратын жағдайларды анықтау,  сақтандырудың және тәуекелдердің арнайы карталарының үлгілік шарттарын әзірлеу мәселелері көтерілді. 

Тәуекелдер карталары пациентке медициналық көмек көрсету кезінде кеткен барлық қателіктер мен бұзылған қауіпсіздік шараларын – яғни, тәуекел ықпалы мен маңызы көрсетілген медициналық ұйымдар тәуекелдерін қарастыруы тиіс. 

Медициналық ұйымдар жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын әзірлеу мәселелері бойынша жұмыс тобының мүшелері үлгілік шартты әзірлеу, оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бекіттіру жөніндегі өтініштерін білдірді.  Сақтандыратын жағдайларды анықтауға қатысты – сот шешімі бойынша ғана емес, сақтанушының өзі де  сақтандыру жағдайларын  тану нұсқасын талқылау ұсынылды.

16-17 қараша күндері Астанада «Медициналық қызмет сапасы, пациенттер қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.

Конференция жұмысына денсаулық сақтау саласының 500-ден аса медицина қызметкерлері мен ұйымдастырушылары, оның ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық және ғылыми  ұйымдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің ресми өкілдері, шетелдік серіктестер қатысуда.

Конференцияны ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы.

Пленарлық отырыс барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Ш.Шәріп және Қоғамдық кеңес төрайымы Н.М.Петухова сөз сөйледі.  

Н.М.Петухова медициналық қызметтердің ұйымдастырылуы, сапасы және пациенттердің отандық медицинаға деген сенімдерінің азаюы секілді жүйелі шешімді қажет ететін, денсаулық сақтау саласының бірқатар проблемалық мәселелерін алға тартты.               

Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл мәселелер сапаның сыртқы және ішкі аудиті, сапа стандарттары, медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйелері арқылы шешімін табуда.  Сапалы және дұрыс медициналық қызмет көрсетуге жұмылдырылған, емдеу хаттамаларын бекітетін Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссия жұмыс істейді.

Астанада Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы базасында өткен «Биомедициналық зерттеулердің тиісті тәжірибесі. Тренерлерге арналған тренинг»  атты оқу семинары аяқталды.

  Семинарға Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың 24 қызметкері қатысты. 54 оқу сағатынан құрылған оқу циклінде ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық стандарттарға шолу жасау, ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың және ұйымдастырудың негізгі әдістері, ғылыми зерттеулерді мониторингілеу және бағалау, нәтижелерді ресімдеу тақырыптары қамтылды.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша әзірленген семинар тиімді жүзеге асыруға және табысты ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін зерттеу жобаларын ұйымдастыру және басқару тәсілдері туралы ақпараттарды жинақтайды.   Бұл, өз кезегінде, қаржыландыру кезінде қазақстандық зерттеушілердің бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады.

Оқуда болған медициналық ғылым және білім беру ұйымдарының мамандары тренер мәртебесін алды. Олар Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі аймақтық оқыту орталықтарының (ДДҰ) тренерлер дерекқорына енгізіліп, одан әрі өз ұйымдары мен аймақтарындағы зерттеушілер үшін білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

9 қарашада Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Қытай дәстүрлі медицинасының Пекин университеті делегациясымен кездесу өткізді.

Кездесу аясында Пекин университеті ведомствосына қарасты «Фарм Бэйчжун-илинь» компаниясының президенті  Линь Сюежун мен ДСДРО  бас директоры Айнұр Айыпханова өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы шешім қабылданды, оған мына бағыттар енгізіледі:

- Қытай дәстүрлі медицинасы саласында үзіліссіз медициналық білім беру аясындағы ынтымақтастық;

- қытай халық медицинасы орталықтарын құру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру;

- Қазақстан Республикасында медициналық туризмді дамыту  саласындағы ынтымақтастық;

- фармацевтика саласында, оның ішінде дәрілік шөптер мен қытай дәстүрлі медицинасы құралдарын пайдалану аспектілерін зерттеу барысындағы ынтымақтастық.

         Кездесу қорытындысы бойынша дегегация басшысы Линь Сюежун мырза ынтымақтастық  келешегін жан-жақты талқылау үшін қазақстандық әріптестерін ҚХР-на шақырды.