Ұлттық денсаулық сақтау шоттары – бұл денсаулық сақтауға арналған шығыстарды түгел қамтитын есепке алу құралы, сондай-ақ негізделген стратегиялық шешімдер қабылдау үшін дәлелді база. Жүйедегі ақша қаражатының қозғалысы туралы ақпарат көзі бола отырып, Ұлттық денсаулық сақтау шоттары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды және жүйедегі басқа да бірқатар реформаларды енгізуді қолдау үшін негіз болды. Шоттарды қалыптастыру кезінде статистикалық ақпараттың әртүрлі көздері пайдаланылады, бұл Ұлттық шоттарды қалыптастыруда Экономика министрлігінің Статистика комитетімен, Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен тығыз ынтымақтастық қажеттілігін негіздейді. Мемлекет деңгейінде Ұлттық шоттарды қалыптастыруды қолдау ЭЫДҰ қағидаттарына сәйкес тиісті мемлекеттік басқару бөлігінде прогреске қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2017 жылғы 31 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың, өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларының, ЖОО өкілдерінің қатысуымен Ұлттық денсаулық сақтау шоттары мәселелеріне арналған Дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты - Ұлттық денсаулық сақтау шоттарын қалыптастыру нәтижелері бойынша, денсаулық сақтау шығындарын талдау бойынша ақпаратты жариялау және ҰДСШ дамыту бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен бірлескен жұмыс нәтижелерін талқылау.