Қазақстан дәрігерлері үшін дәлелді медицина бойынша халықаралық деректер қоры қолжетімді болмақ

Бүгін, 8 қарашада Астана қаласында «Қазақстанның дәлелді медицина бойынша ғылыми-тәжірибелік форумы» («Kazakhstan Evidence-Based Medicine Executive forum») өтті.  

Шара аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, жалпы медицина қауымының  өкілдері, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары Elsevier компаниясының топ-менеджерлерімен қазақстандық денсаулық сақтау мамандарының  ClinicalKey өнімінің бір бөлігі – ClinicalPharmacology ақпараттарына қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Қазіргі уақытта ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Elsevier компаниясымен 2018 жылға келісімге қол қойды, соған сәйкес аталған деректер қорының  200 нүктесіне қосылуға мүмкіндік туады. Осылайша, жоғары және орта медициналық білім беру ұйымдары, ғылыми және ұлттық орталықтар, сондай-ақ медициналық мекемелер дәлелді медицинаның толықмәтінді ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Қазақстандық медицина қызметкерлерінің дәлелді медицина бойынша кеңейтілген әлемдік деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігінің маңыздылығына тоқталған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былай деді: «Денсаулық сақтау саласының нәтижелілігі екі жағдайға негізделеді – қоғамдық денсаулық сақтау саласының сапалы жүйесі, яғни аурудын алдын алу және сырқатты анықтау, емдеу, қалпына келтіру сапасы.  Біздің денсаулық сақтау жүйеміз осы екі саланы да қамтиды. Сондықтан негізгі қозғаушы ресурс – медицина қызметкерлерінің интеллектуалды әлеуеті».

ClinicalKey — Elsevier баспасының  клиникалық ақпараттарын іздеудің жаңа алаңы,  аталған жүйеге рұқсат беретін бірден-бір мердігер. Ондағы жүйе іздеудің ең жаңа технологиясы SmartContent арқылы жасалған, заманауи еңбектер мен дәлелді медицина жөніндегі үнемі жаңартылып тұратын ақпараттардың халықаралық деректер қорын қамтиды.

«Халықаралық деректер қорына қолжетімділік отандық зерттеушілер мен тәжірибемен айналысатын денсаулық сақтау мамандарына  түрлі ауруларды анықтау және емдеу туралы ең жаңа мәліметтер алуға, әлемдік медицина ғылымы мен тәжірибесіндегі заманауи жетістіктерден құлағдар болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті сөйлеген сөзінде ДСДРО бас директоры  Айнұр Айыпханова.

Elsevier өкілдері атап өткендей, ClinicalKey-ға жазылу барлық медициналық мамандықтар бойынша 900 кітап басылымына, 500 медициналық журналға, 800 дәлелді медицина бойынша жаңартылған шолуларға (FirstConsult), 350 егжей-тегжейлі сипатталған емшаралар мен оталарға (ProceduresConsult), бірнеше мың тәжірибелік ұсынымдарға (Guidelines), алаңда орналастырылған басылымдардың 4 млн.аса суреттемелеріне (иллюстрацияларына) және бірқатар басқа да медициналық дерекқорларға «есік» ашады.

Форум барысында қатысушылар қарастырылған Clinical Pharmacology жүйесін пайдалану арқылы қазақстандық дәлелді медицинаның даму жолдарын талқылады.