Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының құрылу тарихы

 

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – ҰҒДСДО) тарихы 1994 жылы Алматыда Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық проблемаларының ғылыми орталығы құрылған кезеңнен бастау алады. 2006 жылы Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық проблемаларының ғылыми орталығы Денсаулық сақтауды дамыту институты болып қайта құрылды, ал 2011 жылы оның базасында Республикалық ақпараттық-талдау орталығымен бірігу есебінен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы құрылды.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 ж. 6 тамыздағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК болып қайта аталды.

 

 

Институционалды базасы

 

2011 жылы:

  • Республикалық ақпараттық-талдау орталығы (РАТО)*
  • Денсаулық сақтауды дамыту институты (ДСДИ)**

екі ұйым біріктіріліп, ДСДРО құрылды

РАТО Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2009 жылғы 4 желтоқсандағы № 2017 қаулысымен, облыстық медициналық ақпараттық-талдау орталықтарын біріктіру арқылы құрылды. Орталықты профессор Әбілқасымов Ерасыл Әбілқасымұлы басқарды. РАТО-ның негізгі міндеті денсаулық сақтау жүйесіндегі реформаларға ақпараттық-талдау жасап, сүйемелдеу болатын. РАТО 2011 жылы ДСДРО-ның құрамына кірді.

** Денсаулық сақтауды дамыту институты Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 18 шілдедегі  N 802 «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау саласының медициналық және экономикалық проблемалары ғылыми орталығын ашу туралы» Қаулысымен құрылған Денсаулық сақтау саласының медициналық және экономикалық проблемалары ғылыми орталығының құқықтық мұрагері болды.  

 

Денсаулық сақтау саласының медициналық және экономикалық проблемалары ғылыми орталығын әр жылдары:

  • Жүзжанов Орманбек Түйекбайұлы
  • Слажнева Татьяна Ивановна
  • Әбілқасымов Ерасыл Әбілқасымұлы
  • Ким Сергей Васильевич

секілді ҚР денсаулық сақтау саласының белгілі ұйымдастырушылары басқарды.

Денсаулық сақтауды дамыту институтының әр жылдардағы басшылары:

  • Біртанов Елжан Амантайұлы (2005 - 2008 жж.),
  • Шоранов Марат Едігеұлы(2008- 2009 жж.),
  • Белоног Анатолий Александрович (2010 ж.),
  • Қаптағаева Айгүл Қайратқызы (2010-2011 жж.).

Денсаулық сақтауды дамыту институты Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын реформалаудың және дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ғылыми және әдістемелік тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз етті. ДСДИ 2011 жылы ДСДРО-ның құрамына кірді.

 

 

Дүниежүзілік банк Жобасының ҚР Денсаулық сақтау секторындағы ролі

 

РАТО мен ДСДИ біріктіріліп, 2011 жылы ДСДРО-ның құрылуы Дүниежүзілік банктің Технологияларды табыстау және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау секторында институционалды реформа жүргізу жобасына сәйкес келді.  

 

Жоба аясында ДСДРО құрамына кіретін негізгі Орталықтар (бөлімшелері) құрылды. Орталықтардың институционалды құрылымдары, базалық технологиялары мен қызметтік әдіс-тәсілдері ең таңдаулы деген халықаралық тәжірибелерге сәйкестендірілді, тиісті кадрлар дайындығымен қамтамасыз етілді.

 

ДСДРО-ның белсенді атсалысуымен 2011-2015 жж. арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы сәтті іске асырылды.  Сондай-ақ, 2016-2019 жж. арналған  «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылуда.

 

ДСДРО құрылғаннан бастап осы кезге дейінгі аралықта Орталықты:

  • Құлжанов Мақсұт Кәрімұлы
  • Ахметов Уәлихан Исаұлы
  • Байжүнісов Ерік Әбенұлы
  • Ысмайылов Жұмағали Қазыбайұлы

секілді денсаулық сақтау саласының алдыңғы қатарлы жетекші іскер мамандары басқарды.

 

Ал денсаулық сақтау саласының білікті ұйымдастырушысы Ермекбаев Қанат Қартайұлы 2015-2017 жылдары Бас директордың кеңесшісі қызметінде болып, ДСДРО жобаларын бірізді қалыптастыруға, денсаулық сақтау саласындағы мүдделі тараптармен серіктестікті дамытуға үлкен үлес қосты.