16-17 қараша күндері Астанада «Медициналық қызмет сапасы, пациенттер қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.

Конференция жұмысына денсаулық сақтау саласының 500-ден аса медицина қызметкерлері мен ұйымдастырушылары, оның ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық және ғылыми  ұйымдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің ресми өкілдері, шетелдік серіктестер қатысуда.

Конференцияны ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы.

Пленарлық отырыс барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Ш.Шәріп және Қоғамдық кеңес төрайымы Н.М.Петухова сөз сөйледі.  

Н.М.Петухова медициналық қызметтердің ұйымдастырылуы, сапасы және пациенттердің отандық медицинаға деген сенімдерінің азаюы секілді жүйелі шешімді қажет ететін, денсаулық сақтау саласының бірқатар проблемалық мәселелерін алға тартты.               

Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл мәселелер сапаның сыртқы және ішкі аудиті, сапа стандарттары, медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйелері арқылы шешімін табуда.  Сапалы және дұрыс медициналық қызмет көрсетуге жұмылдырылған, емдеу хаттамаларын бекітетін Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссия жұмыс істейді.

Астанада Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы базасында өткен «Биомедициналық зерттеулердің тиісті тәжірибесі. Тренерлерге арналған тренинг»  атты оқу семинары аяқталды.

  Семинарға Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың 24 қызметкері қатысты. 54 оқу сағатынан құрылған оқу циклінде ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық стандарттарға шолу жасау, ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың және ұйымдастырудың негізгі әдістері, ғылыми зерттеулерді мониторингілеу және бағалау, нәтижелерді ресімдеу тақырыптары қамтылды.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша әзірленген семинар тиімді жүзеге асыруға және табысты ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін зерттеу жобаларын ұйымдастыру және басқару тәсілдері туралы ақпараттарды жинақтайды.   Бұл, өз кезегінде, қаржыландыру кезінде қазақстандық зерттеушілердің бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады.

Оқуда болған медициналық ғылым және білім беру ұйымдарының мамандары тренер мәртебесін алды. Олар Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі аймақтық оқыту орталықтарының (ДДҰ) тренерлер дерекқорына енгізіліп, одан әрі өз ұйымдары мен аймақтарындағы зерттеушілер үшін білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

9 қарашада Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Қытай дәстүрлі медицинасының Пекин университеті делегациясымен кездесу өткізді.

Кездесу аясында Пекин университеті ведомствосына қарасты «Фарм Бэйчжун-илинь» компаниясының президенті  Линь Сюежун мен ДСДРО  бас директоры Айнұр Айыпханова өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы шешім қабылданды, оған мына бағыттар енгізіледі:

- Қытай дәстүрлі медицинасы саласында үзіліссіз медициналық білім беру аясындағы ынтымақтастық;

- қытай халық медицинасы орталықтарын құру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру;

- Қазақстан Республикасында медициналық туризмді дамыту  саласындағы ынтымақтастық;

- фармацевтика саласында, оның ішінде дәрілік шөптер мен қытай дәстүрлі медицинасы құралдарын пайдалану аспектілерін зерттеу барысындағы ынтымақтастық.

         Кездесу қорытындысы бойынша дегегация басшысы Линь Сюежун мырза ынтымақтастық  келешегін жан-жақты талқылау үшін қазақстандық әріптестерін ҚХР-на шақырды.

ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК (бұдан әрі - ДСДРО) осы жылғы 15-16 қараша күндері медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларының (бұдан әрі – талапкер) білімдеріне бағалау (бұдан әрі – бағалау) жүргізеді.

Бағалау мақсаты – біліктілікті арттыруды жоспарлау мақсатында денсаулық сақтау менеджерлері құзыреттіліктерінің жақсартатын тұстарын анықтау. 

Бағалау қауіпсіздік, қорғау және теориялық білімді бағалау сапасының халықаралық стандарттарына сәйкес, «CyberNet» біріктірілген ақпараттық жүйеде, интернетке тұрақты қосылу негізінде жүргізіледі.   Тестілеу аяқталғаннан кейін, нәтижелері сол мезетте талапкердің әрқайсысының жеке кабинетіне жіберіледі. Талапкерлердің  бағалау нәтижелері ашық түрде жарияланбайды.

Тестілеу кезінде талапкерге бірнеше нұсқалы жауаптары бар 100 сұрақ беріледі, жауаптардың ішінде біреуі ғана дұрыс жауап болады. 

Бүгін, 8 қарашада Астана қаласында «Қазақстанның дәлелді медицина бойынша ғылыми-тәжірибелік форумы» («Kazakhstan Evidence-Based Medicine Executive forum») өтті.  

Шара аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, жалпы медицина қауымының  өкілдері, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары Elsevier компаниясының топ-менеджерлерімен қазақстандық денсаулық сақтау мамандарының  ClinicalKey өнімінің бір бөлігі – ClinicalPharmacology ақпараттарына қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Қазіргі уақытта ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Elsevier компаниясымен 2018 жылға келісімге қол қойды, соған сәйкес аталған деректер қорының  200 нүктесіне қосылуға мүмкіндік туады. Осылайша, жоғары және орта медициналық білім беру ұйымдары, ғылыми және ұлттық орталықтар, сондай-ақ медициналық мекемелер дәлелді медицинаның толықмәтінді ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Қазақстандық медицина қызметкерлерінің дәлелді медицина бойынша кеңейтілген әлемдік деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігінің маңыздылығына тоқталған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былай деді: «Денсаулық сақтау саласының нәтижелілігі екі жағдайға негізделеді – қоғамдық денсаулық сақтау саласының сапалы жүйесі, яғни аурудын алдын алу және сырқатты анықтау, емдеу, қалпына келтіру сапасы.  Біздің денсаулық сақтау жүйеміз осы екі саланы да қамтиды. Сондықтан негізгі қозғаушы ресурс – медицина қызметкерлерінің интеллектуалды әлеуеті».