Қазақстанда қорғалған ақпараттық жүйенің көмегімен медициналық қызметкерлердің білімдері бағаланбақ

2017 жылдың 8 қарашасында барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында Денсаулық сақтау басқармаларының жергілікті органдарының басшылары мен орынбасарларының білімдеріне тәуелсіз бағалау жүргізіледі.

Қараша айының соңына дейін аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларының ведомстволарға бағынысты медициналық ұйымдарының басшылары да осындай тәуелсіз бағалаудан өтеді. 

Назар аударыңыздар, соңғы кезде медициналық қызметкерлердің білімдері мен дағдыларын бағалау барысында алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті. Өздерін ДСДРО Білімді және дағдыларды бағалау орталығының қызметкерлеріміз деп таныстыратын алаяқтар, тесттен немесе тәжірибелік дағдыларын бағалаудан өту кезінде жәрдемдесуге уәде етіп, талапкерлерден ақша алып отырған.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы барлық талапкерлерден біліктілікті растау/арттыру кезінде ақшалай сыйақы арқылы емтиханнан жеңіл өтуге немесе тапсырмай-ақ өткізуге уәде берушілерге сенбеулерін сұрайды. 

Өз кезегінде, білімді және дағдыларды бағалау кезінде сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау үшін, Дүниежүзілік банк жобасы аясында халықаралық талаптарға сәйкес жасалған кіріктірілген ақпараттық жүйе (КАЖ) енгізіледі.

Кіріктірілген ақпараттық жүйе (КАЖ)  – дәрігерлер мен мейіргерлердің, медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің, резиденттердің, интерндердің, колледждер түлектерінің, профессорлық-оқытушылық құрамның теориялық және тәжірибелік емтихандардан өтуін қамтамасыз ететін жүйе.   

Бұл ретте, тіркелу, тест тапсыру және нәтижелерді есептеу автоматты түрде, адами фактордың қатысынсыз жасалады.  Әрбір талапкер үшін жеке электронды кабинет құрылады, ол жерде емтихан тапсыру күні мен уақытын таңдауға, сондай-ақ емтиханға қатысу үшін өтінім беруге, және үйден шықпай-ақ оның барысын бақылауға мүмкіндік беріледі. Тест нәтижелері лезде тұрақты жұмыс істеп тұратын талапкердің жеке кабинетіне жіберіледі, және оны өшіріп тастау немесе өзгерту мүмкін емес.

Аталған жүйені  «Cybernet» компаниясы жасаған, қорғалған желіде компьютерлік тесттен өткізудің халықаралық талаптары ескерілген. Кіріктірілген ақпараттық жүйеде мәліметтер мен дерек қорларын қорғаудың, сондай-ақ кез келген мәліметке рұқсат етілген және рұқсат етілмеген қолжетімділікті бақылаудың бірнеше деңгейі бар. 2017 жылдың қазан айында кіріктірілген ақпараттық жүйенің пилоттық жобасына қатысқан қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша мейіргерлер колледждерінің түлектері жеке кабинет құрудан, білім бағалау үшін тест тапсыру орнын, күнін және уақытын таңдаудан бастап, тест тапсырып біткен бойда, бірден сол мезетте электронды поштаға бағалау нәтижесін алуға дейінгі үдерістер жүйесінің қарапайымдылығы мен сенімділігін атап өтті.  

2018 жылдың басынан бастап денсаулық сақтау мамандарының құзыреттіліктерін бағалау кезінде кіріктірілген ақпараттық жүйені (КАЖ) толықтай енгізу жоспарлануда. Бұл тәжірибелік қызметке жіберу үшін медициналық қызметкерлердің білімдерін бағалау кезінде тіркеу, тесттен өту және оның нәтижелерін өңдеу шараларының сапасы мен сенімділігін арттырады.