Қазақстандық менеджерлер Венгрия мен Австрияның туристтер тарту тәжірибесін игерді

«Сарыағаш», «Алматы», «Ақ бұлақ» шипажайларының, «Алатау» балалар шипажайының, сондай-ақ тағы бірқатар жеке шипажайлардың басшылары ҚР шипажайларындағы медициналық, сауықтыру қызметтерін жақсарту және шетелдік туристтерді тарту мақсатында Венгрия мен Австрияның емдік  жылы (термальды) сулы курорттарында болып, олардың жұмыстарымен танысты.

Сапар ҚР ДСМ «Медициналық туризм мен импорталмастыруды дамыту» жобасын жүзеге асыру аясында жасалды. Турды ҚР Ұлттық курорттық қауымдастығы ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Сапар барысында қазақстандық менеджерлер венгерлік «Дьер», «Бюк фюрдо» «Хевиз», «Залакорош» және австриялық «Баден» курорттарының жұмыстарымен танысты.

Бұл елдерде медициналық туризм деңгейі жоғары, жақсы дамыған. Тек  «Хевиздің» өзіне ғана  бір жылда келетін шетелдік туристтер саны бір миллионнан асады екен. Венгрияның ең серпінді дамып келе жатқан Бюкфюрдо курортындағы сумен емдейтін орын маусымға қарай 5-8 мың қонақ қабылдай алады. Туристтер негізінен жақын елдерден келеді, қонақтардың жартысынан көбі  Австрия мен Германиядан. Соңғы жылдары Ресейден баратын туристтер саны артуда.

Венгрияда 1500-ден аса жылы (термальды) су көздері  болса, солардың 17-сі ғана емдік курорт мәртебесіне ие, олардың қатарында мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдар бар.  Мұндай курорттық ұйымдар медициналық қызмет лицензияларына ие және елдің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы курортология кызметінің бақылауында. Барлық курорттар ұлттық, және де жиі-жиі халықаралық аккредиттеуден өтіп тұрады.  

Жылы (термальды) сулар міндетті түрде бекітілген мемлекеттік стандарт бойынша сертификатталады. Су құрамы мен минералдану деңгейі күніне бірнеше рет тексеріледі, бассейндердегі сулар не тұрақты түрде, не болмаса тәулігіне кемінде бір рет жаңартылып тұрады. Яғни, шипажайлар жанында білікті мамандары мен қажетті құрал-жабдықтары бар өз лабораториялары бар.

Қазақстан  делегациясы үшін курорттардың әрқайсысында таныстыру туры ұйымдастырылды. Делегация мүшелері жақсы ойластырылған логистиканы назардан тыс қалдырмады, келушілер ағыны 3 жеке-жеке аймақтарға бөлінген: демалушылар бассейндерде жылы (термальды) сумен ем алатын емдеу аймағы,  түрлі әсер алатын аквапарктар мен бассейндер  бар балалар аймағы, және де қонақтардың  жайлы демалыс пен емді қатар алуына мүмкіндік беретін, спорттық бассейн, гидромассажды бассейн бар демалыс аймағы.  Міндетті түрде жылы (термальды) сулары бар бассейндер ашық ауада, жыл бойы жұмыс істейді. Еуропалық курорттардың тағы бір ерекшелігі, онда тәулік бойы ұстау және тамақтану жоқ, бұл курорттар айналасындағы арзан, жоғары сапалы қызмет ұсынатын жекеменшік шағын мейрамханалар мен қонақүйлер инфрақұрылымдарының дамуына мүмкіндік береді.

Шипажайлардың басшылары түрлі курорттардағы бір-бірінен айтарлықтай айырмашылықтары бар жылы (термальды) сулардың құрамы, минералдану деңгейі туралы толық мағлұмат алды.

Сондай-ақ, сапар барысында қазақстандық кадрлардың біліктіліктерін арттыру үшін менторлар тарту мәселелері талқыланды.

Тур нәтижесінде қазақстандық жылы (термальды) су көздерін кеңінен  қолдану мәселесі көтерілетін боп шешілді.   Бұдан бөлек, шипажайлық-курорттық ұйымдарды аккредиттеу жүйесін енгізу, сертификаттау мен лицензиялау және кадрларды оқыту жүйелерін қайта қарау мүмкіндіктері қарастырылады.