"Дені сау ұлт" ұлттық жобасы - бұл Қазақстан Республикасындағы Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасы. Бұл жоба 2025 жылға дейінгі іске асырылуы тиіс шаралар мен көзделген нақты міндеттерді қамтиды.

 

Еліміздің денсаулық сақтау саласын ілгері дамытуға бағытталған Ұлттық жоба 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет қаулысымен қолға алынған болатын. Сол сәттен бері ол отандық денсаулық сақтауды дамытудың нақты шешімдерін қабылдап, бірқатар игі шараларды іске асыруға мұрындық болып отыр. Ал, Қаулы құжатында "Әрбір азаматты қолжетімді әрі сапалы денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету" бұл жобаның басты мақсаты екені көрсетілген. 

 

Осы мақсатқа сәйкес жоба 4 негізгі бағытта іске асырылып келеді.

 

Бірінші бағыттағы жұмыстар медициналық көмектің сапасын арттырып, барынша қолжетімді етуді көздейді.

Екінші бағыттағы шаралар эпидемиологиялық болжау мен әрекет етудің заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Үшінтші бағыт отандық фармацевтикалық саланы дамытуға арнады.

Төртінші бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халық үлесін арттырып, жаппай спортты дамытуды мақсат тұтады. 

 

Сонымен қатар, Ұлттық жобаның 5 негізгі көрсеткіші бар. Атап айтсақ:

- туғандағы күтілетін өмір жас ұзақтығы;

- сәбилердің шетінеуі;

- аналардың өлімі;

- халықтың медициналық мекемелер көрсететін медициналық қызмет сапасы және қолжетімділігімен қанағаттану деңгейі;

- денсаулық сақтаудағы негізгі инвестициялық капитал.

 

Аталған көрсеткіштер бойынша жоба 2025 жылға дейін туғандағы орташа өмір жас ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуді, сәби шетінеу көрсеткішін 7,2 % дейін кемітуді, халықтың медициналық қызметпен қанағаттану деңгейін 80 % дейін арттыруды стратегиялық көрсеткіш ретінде алып отыр. Сонымен қатар босанған әр 100 000 ананың ішінде өлім фактісін 10-ға дейін кеміту жоба мақсатына айналды.

 

 

 

 

 


1 Қыркүйек - Білім күні. Бұл мейрам жаңа оқу жылының бастауы ғана емес, сонымен қатар балалар арасында жұқпалы вирустық аурулар өрши түсетін уақыт.

 

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген халық тәмсілін естімеген адам кемде-кем шығар. Дегенмен, перзенттерімізді жұқпалы вирустық індеттерден қорғау мәселесіне жеткілікті деңгейде назар аударып жүрміз бе? Тұмау маусымы балаларымыздың денсаулығына зиян келтірмесіне қаншалықты сенімдіміз?

 

Ендеше, жұқпалы вирустық аурулар маусымында жас жеткіншектерді ауырып қалудан сақтап қалудың "алтын ережесін" назарыңызға ұсынуды жөн көрдік. 

 

1. Бала бар бөлмені, яки үй ішін тұрақты түрде желдетіп отыру қажет. Ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізуді де ұмытпаған жөн. 

 

2. Қол гигиенасы ережелерін сақтап жүру де - өте маңызды шарт! Қолды сабындап жуу, спирт қосылған антисептиктерді қолдану, көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабатына қолды тигізбеу әдетке айналуы тиіс.

 

3. Тыныс гигиенасын да ескеру ләзім. Түшкіргенде, жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір реттік сулықпен жауып, артынан сол сулықты дереу утилизациялау керек.

 

4. Тұмау немесе өткір респираторлық аурумен ауыратын немесе ауыруы мүмкін адамдардан алшақ болған дұрыс.

 

5. Аурудың таралуын болдырмау үшін, жұқпалы індеттердің алғашқы белгілерін байқатқан баланы дереу оқшаулау керек.

 

6. Жұқпалы аурулар маусымында бала иммунитетіне көбірек көңіл аударған жөн. Дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау, таза ауада серуендеу, дене шынықтырумен айналысу бала денсаулығына оң әсерін тигізіп, вирустерден қорғануға сеп болады. 

 

7. Шамадан тыс суықтану мен қызыну иммунитетке кері әсер етеді. Сақ болған ләзім.

 

8. Дәрігер ұсынысымен иммунитетті күшейтетін дәрі-дәрмек пен пайдалы заттарды тұтыну қажет.

 

Жұқпалы аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда:

 

1. Баланы өзге адамдардан, отбасы мүшелерінен оқшаулау қажет;

 

2. Дереу дәрігер көмегіне жүгініп, өздігінен ем алуды болдырмау керек. 

 

 

Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Басқарма төрағасы Александр Костюк Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қабырғасында өтіп жатқан "Адами капитал - Жаңа Қазақстанның дамуының негізгі ресурсы" атты ел тарихындағы тұңғыш ғылым және жоғарғы білім форумына қатысуда.  

 

 

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек, жоғарғы оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері, топ-менеджерлер, студенттік ұйымдардың көшбасшылары жас ғалымдар атсалысып отыр.  

 

 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан форумда ғылым мен жоғарғы білімнің түрленуі, білім берудің кредиттік технологиясының жаңа жағдайлары, технологияларды коммерциялизациялаудың практикалық мәселелері, адами капиталды дамытудағы ғылымның орны, жоғарғы оқу орындары арасында ғылыми және ғылыми-технологиялық қызметті коммерциялизациялауға қатысты тәжірибе алмасу механизмдері талқылануда. 

 

Іс-шара қорытындысында Қазақстанның ғылымы мен жоғарғы білімін кемелдендіруге байланысты ұсыныстар әзірленетін болады. 

 

Форум 25 тамыз күні аяқталмақ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасының орынбасарлары тағайындалды.

 

Басқарма төрағасының жаңа орынбасарлары Ысқақов Нұрлан Зайкешұлы және Әлмадиева Алима Қазбекқызы осыған дейін бос болған лауазымдарды иеленіп отыр.  

 

    

 

Нұрлан Ысқақов бұған дейін «МедФармКонсалтинг» ЖШС бас директорының орынбасары, ҚР ПІБ «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ президенті, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Туристік дестанцияларды дамыту департаментінің директоры, «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы мен Халықаралық бизнес академиясында «Іскерлік басқару докторы» мамандығы бойынша білім алды. Сондай-ақ «Емдік іс», «Экономика» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша білімі бар, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

 

Алима Әлмадиева осыдан бұрын «KazSPOR» Қазақстандық денсаулық сақтау технологияларын бағалау, дәлелді медицина және фармакоэкономикалық зерттеулер ассоциациясының, «Саламат-даму» қоғамдық денсаулық сақтау мамандары ассоциациясының атқарушы директоры, Қазақстандық денсаулық сақтау технологияларын бағалау агенттігінің бас директоры лауазымдарында қызмет етті. АҚШ-тағы Эмори университетінің «Роллинз» Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде Хьюберт Хамфри халықаралық стипендиалды бағдарламасы бойынша білім алды.

 

Алима Қазбекқызы – «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша ABD дәрежесінің, «Емдік іс», «Есеп және аудит», «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғарғы білімнің иегері, 48 ғылыми еңбектің авторы.

ҰҒДСДО басқарма төрағасы Александр Костюк Мәскеуде өткен IX Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты