ӨЛІМ-ЖІТІМНІҢ ЕҢ ЖИІ СЕБЕПТЕРІ
- Толығырақ
- Автор: Super User
2020 жылдың аяғында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылдың қорытындысын жариялады. Мұндағы мәлімет бойынша 2019 жылы өлім-жітімге себеп болған негізгі 10 аурудың үлесі 55,4 миллионға жеткен жалпы өлім-жітімнің 55% құрады.
Әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептері аурудың келесі 3 тобына жатады: жүрек-қан тамыр аурулары, респираторлық аурулар және неонаталдік патологиялық хал-ахуалдар.
Өлім-жітім себептері 3 санатқа жіктеледі:
- жұқпалы аурулар (инфекциялық және паразитарлық аурулар, сонымен қатар бала көтеру, туу және емізу кезіндегі патологиялық жағдайлар);
- жұқпалы емес (созылмалы) аурулар;
- травматизм.
Әлемдік деңгейде алып қарасақ, 2019 жылы өлімге себеп болған негізгі он аурыдың жетеуі инфекциялық емес аурулар санатына тиесілі екен. Бұл жеті ауру жалпы әлемдік өлім-жітімнің 44%, ал негізгі 10 себептің 80% құрады.
Ең көп таралған өлім-жітім себебі - жүректің ишемиялық ауруы. Ол жалпы өлім санының 16% құрайды. 2000-2017 жылдар аралығында бұл аурудың салдарынан қайтыс болған адам саны 2 миллионға өсіп, 8,9 миллионға жетті.
Санақ бойынша екінші орында - инсульт (11%), үшінші орында - өкпенің обструктивтік ауруы (6%).
Төртінші орында - төменгі тыныс алу жолдарының инфекциясы. Дегенмен, жұқпалы аурулар арасында бұл ауру өлім-жітім саны бойынша бірінші орын алады.
Дәрілік заттарды қалай қабылдау керек?
- Толығырақ
- Автор: Super User
Жүргізіліп жатқан емдік шаралардан тиісті нәтиже алу үшін, ең әуелі дәрігердің нұсқаулықтарын дұрыс орындау қажет. Белгілі бір дәріні қалай қабылдау қажет екені туралы дұрыс мәліметті тек кәсіби маман ғана бере алады.
Дәрілік заттарды дұрыс қабылдау ережелері.
1. Дәріні қабылдамас бұрын дәрігердің тағайындамасын және дәрі нұсқаулығын мұқият оқып шығыңыз, бір реттік қабылдау дозасына, бір күндік қабылдау мөлшеріне, қабылдау уақыттарына, қабылдау әдісіне, емдік курс ұзақтығына мән беріңіз, бұл дәрілік заттың жағымды әсерін күшейтіп, жағымсыз әсерін азайту үшін маңызды.
2. Дәріні дәрігер көрсеткен немесе нұсқаулықта жазылған уақытта қабылдау керек, өйтпеген жағдайда дәрілік зат еш пайда бермей, керісінше зиян тигізуі мүмкін.
3. Кейбір дәрі-дәрмек асқазан-ішек жолында сіңетін болса, кейбірі тек ішек жолында ғана тарай алады. Бұл асқазан-ішек жолындағы процесстерге байланысты. Кейбір тағамдар, асқазан сөлі, ферменттер дәрімен байланысқа түсіп, оның қасиетін өзгертуі мүмкін. Сол себепті дәрінің қай кезде, яғни ас қабылдаудан бұрын, ас қабылдау барысында немесе одан кейін қабылдау қажет екенін ескере білген жөн. Оған қоса ас қабылдауға тәуелсіз дәрілік заттар да болады. Әдетте дәріні қай кезде қабылдау керек екені дәрі нұсқаулығында жазылып тұрады.
4. қабылданып жатқан дәрінің әсерін азайтуы мүмкін тағам түрлері бар. Мысалы, тетрациклинді антибиотиктерді сүтпен ішуге болмайды, себебі сүттің құрамындағы кальций олардың әсерін жояды. Ең дұрысы - дәріні 100 милилитр қайнаған сумен ішу.
5. Капсуланы, қабыршақты дәрілерді шайнауға, тістеуге болмайды. Кейбір дәрілер бір-біріне әсер етеді, сондықтан оларды бір мезетте ішпеген дұрыс.
5. Дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектер тізімін "пайдалы болады-ау" деген дәрілік заттармен толықтырмаңыз. Дәрі қабылдауға қатысты кез-келген шешімді дәрігермен ақылдасыңыз.
Есіңізде болсын, дәрілік заттарды дұрыс қабылдамау ем-дом шарасының әсерін жойып қана қоймай, оған қоса аурудың асқынуына және аса қауіпті кері әсерлердің туындауына алып келуі ықтимал.
ҰҒДСДО сарапшысы Халықаралық МСАК конгрессіне қатысуда
- Толығырақ
- Автор: Super User
13-14 қазан күндері Тараз қаласында «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек инновациялары» Халықаралық конгрессі өтуде. Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің Алматы декларациясына 44 жыл, Астана декларациясына 4 жыл толуына орайластырылған шараға ҰҒДСДО сарапшылары атсалысып отыр.
Конгрессті Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау министрліктері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропа орталығы өкілдерінің, халықаралық және отандық үздік сарапшылардың, Қазақстан мен Ресей мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, кәсіби медициналық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, медициналық жоғары оқу орындары, медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің басын қосты. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы атынан конгресске Денсаулық сақтауды стандарттау және жетілдіру департаментінің директоры Гүлжан Мұханова қатысуда.
Халықаралық конгресс бағдарламасы екі күнге шақталған. Шараның бірінші күнінде қатысушылар Жамбыл облысындағы 3 орталық аудандық аурухана мен қалалық №5 аурухана базасындағы Үздік тәжірибе орталықтарының жұмысымен танысты.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің Үздік тәжірибе орталықтары денсаулық сақтаудың алғашқы буынындағы түрленудің үздік үлгісін көрсете алды. Қазақстанның медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейтуге деген ынтасы Ресей мен Қырғызстаннан келген қонақтардың қызығушылығын оятты.
Екінші күні Конгресс денсаулық сақтаудың 5 бағыты – «МСАК деңгейіндегі медициналық көмек сапасын басқарудың тиімді тәсілдері», «МСАК мультипәндік командасының адамға бағытталған қағидаты негізінде халық денсаулығын күшейтудің прогрессивті технологиялары», «МСАК-тегі қаржылық инновациялар мен жобалық басқару», «Денсаулық сақтаудың алғашқы буыны деңгейіндегі мейіргер ісінің новаторлық және заманауи парадигмалары», «Ақпараттық технологиялар – МСАК-ті басқарудың бизнес-үрдістерін және қоғаммен байланысты қолдау құралы» тақырыптарындағы пленарлық және панельдік сессияларға ұласты.
Дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдамау несімен қауіпті?
- Толығырақ
- Автор: Super User
Дәрі қабылдау - денсаулық сақтау саласындағы ең көп таралған емдеу әдісі. Сол себепті алдын алуға болатын зиян түрлерінің ең үлкен үлесіне дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдамау себеп болып отыр.
Осыған байланысты науқастардың өмірі мен денсаулығына едәуір қауіп төндіретін полипрагмазияға айрықша мән берген жөн.
Сонымен, полипрагмазия деген не?
Полипрагмазия - дәрілік заттарды бір мезетте көп көлемде (5-6 және одан да көп дәрі атауы) тағайындау және тұтыну.
Полипрагмазия несімен қауіпті?
Полипрагмазия дәрі қабылдаудан туындайтын кері әсердің ең басты себебі саналады және нәтижесіз фармокотерапия мен қаржылық шығынның көбеюіне алып келеді.
Қайтпек керек?
Келесі қарапайым ережелерді қатаң сақтау керек:
- физикалық тұрғыда белсенді, саламатты өмір салтын ұстану;
- дұрыс тамақтану;
- дәрілік заттарды дәрігер нұсқауынсыз өздігінен қабылдамау.
Есте сақтаңыз!
Ем-домды дәрігер бақылауымен жүргізіңіз, ұсынылған дәрі мөлшерін, қабылдау кестесі мен ұзақтығын қатаң сақтаңыз, сонымен қатар қабылданатын дәрілік заттар мөлшерін барынша азайтуға тырысыңыз.
КӘСІБИ КҮЙЗЕЛІСТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ
- Толығырақ
- Автор: Super User
2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кәсіби эмоциялық шаршауды ауру деп танып, халықаралық аурулар жіктеліміне енгізді. Жіктелімде оған "Жұмыстағы шешілмеген созылмалы күйзелістің нәтижесінде пайда болатын синдром" деп анықтама берілген.
Әр аурудың өзіне тән белгілері болады. Кәсіби күйзелістің белгілері: жадау күй кешу, жұмысқа ынтасыздық немесе цинизм, жұмыс өнімділігінің төмендеуі. Ал кәсіби күйзеліс - бұл арнайы кешенді шаралар қолданбаған жағдайда жұмыс істеу қабілетін төмендетіп, жақындармен байланысты үзіп, менталдық және физикалық дерттерге душар ететін қауіпті мәселе.
Кәсіби күйзелістің немесе эмоциялық шаршаудың қалай алдын аламыз?
1. Work Life балансын сақтау. Кәсіби күйзеліс көп жағдайда демалыссыз жұмыс істегеннен туындайды. тапсырмалар аса маңызды болса да, демалыс алып отырғанды ұмытпау керек. демалысқа әбден әл қалмаған кезде емес, тұрақты түрде шығып тұрған жөн.
2. Денсаулықты күту. Әр күнді жұмысқа, демалысқа және ұйқыға уақыт жететіндей етіп жоспарлау керек. Жұмыс орнын да өзіңізге жайлы болатындай етіп ыңғайлап алыңыз. Адам баласына тәулігіне ең кемі 7 сағат ұйқы қажет.
3. Спортпен шұғылдану. Күн тәртібіне күнделікті дене тәрбиесін енгізіңіз. Дәрігерлер ең қарапайым спорттық жаттығулардың өзі күйзеліске төзімділікті арттыратынына сенімді. Сондай-ақ бұндай жаттығулар отырып жұмыс істейтіндерге денені бабында ұстауға көмектеседі.
4. Цифрлық детокс. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, жаңалықтардан алатын күн сайынғы ақпарат ағыны айналамызда ақпараттық уіл тудырады. Осының бәрі шынымен маңызды шаруалардан назарымызды бұрып, тепетеңдікті бұзады. Сол үшін гатжеттерден барынша аулақ болып, әлеуметтік желілерге жұмсайтын уақытты азайту керек.
5. Психологқа бару. Күйзелісті өз күшімен жеңу - әрдайым қолдан келе беретін шаруа емес. Кейде тіпті ем шаралары мен ұзақ демалыстардың өзі көмектеспеуі мүмкін. Мұндайда психологтың көмегіне жүгініп, кәсіби маман кеңесіне құлақ асқан дұрыс болады.