Емделуші құлықсыз ба, дәрігер біліксіз бе?
Дүние жүзінде медицина қызметкерлерінің қателігінен әр оныншы емделуші зардап шегеді екен. Тіпті дәрігерлердің немқұрайлылығынан пациенттердің қайтыс болу жағдайлары ЖИТС, туберкулез секілді қауіпті жұқпалардан өлім-жітім көрсеткішімен қатар 14-ші орында тұр.
Әлбетте, мәселенің басты себебі – денсаулық сақтау ұйымдарының сапасында екені мәлім. Сондықтан сарапшылар барлық аурухана мен клиникалар халықаралық стандартқа сай аккредиттеуден өтіп, проблеманы шешуді қарапайым санитарлық талаптардан бастауды ұсынып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ұйымдастырған «Медициналық қызметтердің сапасы, пациенттердің қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында өткен алқалы жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы өкілі, доктор Агнес Леотсакос әлемде әрбір оныншы пациентке медициналық қателік жасалатынын айта келіп, мұның басты себебі дәрігерлер немесе медбикелер қарапайым тазалық ережелерін сақтамайтынынан туындайтынын алға тартты. «Әсіресе аурухана- ішілік инфекция – күллі әлемде өзекті проблемаға айналып отыр. Мысалы, ауруханаларға көбіне шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастар жеткізілетіні белгілі. Солардың бір- азына күрделі оталар жасалып, дәрігерлер ақ тер, көк тер болып, әлгі пациенттің жанын аман-есен алып қалады. Бірақ отаның сәтті өткенінен не пайда, ауруханада жаңағы пациент медбикенің салақтығынан, қарапайым тазалық ережесін сақтамағанынан инфекция жұқтырып, қайтыс болып жатады. Мұндай оқиғалар өте жиі кездеседі. Сондықтан медициналық ұйымдардың барлығы аккредиттеу талаптарынан өтіп, әлемдік стандартқа сай қызмет етуі керек», дейді америкалық сарапшы.
Елордада медициналық қызмет сапасын арттыруға арналған халықаралық конференция басталды
|
Үздік тәжірибелер талқыланды
16-17 қараша күндері Астанада «Медициналық қызмет сапасы, пациенттер қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.
Конференция жұмысына денсаулық сақтау саласының 500-ден аса медицина қызметкерлері мен ұйымдастырушылары, оның ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық және ғылыми ұйымдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің ресми өкілдері, шетелдік серіктестер қатысуда.
Конференцияны ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы. Пленарлық отырыс барысында Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Ш.Шәріп және Қоғамдық кеңес төрайымы Н.М.Петухова сөз сөйледі.
Н.М.Петухова медициналық қызметтердің ұйымдастырылуы, сапасы және пациенттердің отандық медицинаға деген сенімдерінің азаюы секілді жүйелі шешімді қажет ететін, денсаулық сақтау саласының бірқатар проблемалық мәселелерін алға тартты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл мәселелер сапаның сыртқы және ішкі аудиті, сапа стандарттары, медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйелері арқылы шешімін табуда. Сапалы және дұрыс медициналық қызмет көрсетуге жұмылдырылған, емдеу хаттамаларын бекітетін Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссия жұмыс істейді.
Эксперты Форума этических комитетов стран Юго-Восточной Азии провели аудит Центральной Комиссии по вопросам этики МЗ РК (2)
Ағымдағы жылдың 10-14 шілдесі аралығында SIDCER/FERCAP тану (халықаралық стандарттарға сәйкестік үшін этикалық комиссиялар қызметінің аудит бағдарламасы) бағдарламасы аясында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Этикалық комитеттер форумының халықаралық сарапшылары елімізде болып, осы келген сапарларында ҚР ДСМ Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссиясы үшін тренинг және халықаралық аудит өткізді.
Профессорлар Christina Torres (Филиппины), Juntra Karbwang (Нагасаки Университеті, Жапония), Aphornpirom Ketupanya (Таиланд) және Бахыт Сарымсақова (Қазақстан) өткізген тренинг барысында Комиссия мүшелері, сондай-ақ шақырылған сарапшылар мен ДСДРО қызметкерлері халықаралық құжаттармен, зерттеулер этикасының қағидаттарымен және адамдардың қатысуымен зерттеулер жүргізудің негізгі этикалық талаптарымен таныстырылды. Сондай-ақ, сарапшылар осы саладағы ұлттық заңнамалық актілермен және ҚР ДСМ Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссиясының қызметі туралы есеппен танысты.
Тренингтен кейін халықаралық сарапшылар Комиссия қызметінің Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының этикалық комиисияларына арналған стандарттарына, Үйлесімділік (ICH-GCP) жөніндегі халықаралық конференцияның тиісті клиникалық практикасының стандарттарына, Комиссияның өзінің стандарттық операциялық рәсімдеріне және биомедициналық зерттеулер этикасы саласындағы ұлттық заңнамаларға сәйкестігіне бағалау – аудит өткізді. Бағалау нәтижелерін сарапшылар Комиссия мүшелерімен бірге Комиссия қызметінің жақсы жақтары мен одан әрі жақсарта түсу жөнінде ұсынымдар айтылған қорытынды жиында талқылады.
ТД бойынша сөйленген сөздер
Хабар 24 :Сұхбат. Айнұр Айыпханова
«Хабар-24». «Сұхбат» тақырыбы: «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн»
Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» атты әлеуметтік шара өткізілді. Науқан аясында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қаралды, нақты ұсыныстар қабылданды. Толығырақ – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпхановамен сұхбат барысында:
Тілші: Айнұр Тоқсанқызы, «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» науқаны өте жақсы бастама екен. Іс жүзінде нақты нәтижелер бар ма?
Айнұр Тоқсанқызы: Аталған әлеуметтік шара денсаулық сақтау саласындағы, медициналық қызмет көрсету барысындағы өзекті мәселелер туралы халықтың өзінен білу, билік пен халықтың арасын жақындату мақсатында ұйымдастырылды. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы тарапынан белгілі бір уақыт аралығына арнайы электронды почта құрылып, оған тұрғын халықтан 2088 хат түсті. Олардың 65%-ы қарапайым халықтан, 24%-ы медицина қызметкерлерінен, 11%-ы түрлі мемлекеттік ұйымдар мен қауымдастықтардан келді. Арнайы электронды мекен-жайға жолданған ұсыныс-шағымдардың кейбірі бірін-бірі қайталағандықтан, олардың 791-і таңдап алынды. ҚР Денсаулық сақтау миинстрі Е.Біртанов келіп түскен ұсыныс-шағымдар бойынша атқарылатын нақты іс-шаралар жоспарын 2017 жылдың 1 наурызында бекітті. Сол бойынша ұсыныс-шағымдар орындалу мерзіміне қарай бақыланады.
Тілші: 100 мәселені шешетін 100 күн өтті ме, әлде жалғасуда ма?
Айнұр Тоқсанқызы: «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік шара науқаны аясында арнайы электронды почтаға ұсыныс-шағымдар қабылдау мерзімі аяқталды. Ал оларды қарау мерзімі жалғасуда. Келіп түскен ұсыныс-шағымдарды орындалу мерзіміне қарай үш топқа бөлдік: қысқа мерзімді, орташа мерзімді, ұзақ мерзімді. Осы мәселелерді белгіленген мерзім аралығында шешу жоғарыда айтылған жоспар бойынша жүзеге асырылатын болады.
Тілші: Көпшілікті нендей мәселелер алаңдатады екен?
Айнұр Тоқсанқызы: Көтерілген мәселелеріне қарай сараптайтын болсақ, негізінен, бірінші орында – медициналық қызметті ұйымдастыру мәселелері, екінші орында медициналық қызмет сапасы, үшінші орында – кадр мәселесі, төртінші орында – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұр десек болады.
Тілші: Ал осы мәселелерді шешу механизмдері қалай болмақ?
Айнұр Тоқсанқызы: Жоғарыда айтып өткеніміздей, келіп түскен ұсыныс-шағымдар бойынша атқарылатын нақты іс-шаралар жоспарында жауапты органдар белгіленген.
Медициналық қызмет сапасына қатысты мысал келтіре кетейін, біздің дәрігерлер пациенттерді белгілі бір стандарттар бойынша емдеуі керек. Ол – емдеу-клиникалық хаттамасы, сырқаттарды емдеу нұсқаулығы. Біздің елімізде басшылыққа алынатын нұсқаулықтар мен дүниежүзілік хаттама арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екен. Сондықтан, медициналық қызмет сапасын көтеру, емдеу нәтижесін арттыру үшін еліміздегі емдеу тәсілдерін дүниежүзілік емдеу-профилактикалық хаттамасына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде...
Тілші: Қалай ойлайсыз, денсаулық сақтау жүйесіндегі күрделі мәселелерді шешу - бір ғана Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті ме, әлде кешенді жұмыс жасау керек пе?
Айнұр Тоқсанқызы: Әрине, кешенді жұмыс қажет. Себебі, әр аймақтың өз ерекшелігі, өзіндік мәселелері бар. Қазіргі заманғы технологияның арқасында, Денсаулық сақтау министрлігінде өткізілетін селекторлық жиында барлық аймақтармен тікелей байланысқа шығу мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда бірінші рет, медициналық қызметкерлер арасында бірыңғай электронды жүйе құрылып, бүгінгі күні тіркелу жүруде. Бірыңғай электронды жүйе бойынша қандай да бір құжатты (бұйрықтар, шешімдер, енгізілген өзгерістер, ауысымдар, т.б.) еліміздің аймақтары бір уақытта алып, ақпараттар жедел жетіп отырады.
Жалпы, ұсынысты жоғарыдан күтіп отырмай, халықпен тығыз байланыста болсақ, кез келген мәселе дұрыс шешімін табады деп ойлаймын.
Тілші: Сұхбат алдағы уақытта жалғасын табатын болады..