Биыл – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл (1846 – 2021)

Жамбыл Жабаев Жамбыл облысы, Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең - жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған.

 

Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген.

 

Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Биыл елімізде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында республикамыздың  барлық өңірінде 500-ден астам жоба іске асады деп жоспарланған.