Балалар арасында семіздіктің көбеюіне орай ДДҰ Қазақстан мектептерінде денсаулықты нығайту жобасын енгізеді

2017 жылдың 25 қазанында Астана қаласында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисі «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге бүкіл ел бойынша салауатты мектептер жобасының одан әрі таратылуын қамтамасыз ете алатын тұтқалы тараптар қатысты:

- мемлекеттік органдардың өкілдері (ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі);

- кәсіби сектор (Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі SHE ұлттық үйлестірушілер, қазақстандық білім беру қызметкерлерінің салалық кәсіподақтары);

- халықаралық ұйымдар (ДДҰ, ЮНФПА, ЮНИСЕФ);

- ДДҰ пилоттық жобасына қатысушы Қазақстан аймақтарының өкілдері (Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы, Маңғыстау облыстық салауатты өмір салты орталығы, жобаға қатысушы мектептердің директорлары).

Дөңгелек үстелде ДДҰ-ның балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі Еуропалық Бастамасының (қысқаша «COSI») ұлттық зерттеулерінің нәтижелері, сондай-ақ  «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» пилоттық жобасының нәтижелері мен одан әрі жүзеге асыру жөніндегі ұсынымдар таныстырылды.  

Балалар арасындағы семіздік проблемаларына шолу жасау үшін Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы 2015-2016 оқу жылында бастауыш сынып балалары (8-10 жас) арасында артық салмақ пен семіздік белгілеріне, ұстанған өмір сүру салттарына алғаш рет мониторинг жасады. Аталған зерттеу COSI хаттамасы негізінде жүргізілген болатын. Семіздік жайылуын республикалық және аймақтық  деңгейде бағалауға мүмкіндік беретін шешуші көрсеткіштер талданды. Зерттеуге 5500-ден астам бала, 5000-ға жуық отбасы, 142 мектеп қатысты. Артық салмақ белгілері – 13 ,1%-ды, семіздік – 6%-ды құрайды.

Өкінішке қарай, ҚР бойынша алынған деректер, Қазақстанда 8-10 жастағы әрбір бесінші балада артық салмақ немесе семіздік белгілері бар екендігін көрсетіп отыр. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның мектеп медицинасына инновация енгізу мәселелерін талқылады.  ДДҰ сарапшысы, Еуропадағы Денсаулық мектептері желісінің (қысқаша «SHE») кеңесшісі Гуф Бауэрс қатысушы-мектептер үшін орыс тілінде тәжірибелік нұсқаулық ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстанда мектеп денсаулығын нығайту бағдарламалары бойынша ұлттық стратегия әзірлеу және шараларды күшейту жөнінде бірлескен ұсынымдар жасалды. 

ДДҰ пилоттық жобасы Қазақстанның төрт аймағында – Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында енгізілді. Қазақстандық жалпы білім беретін мектептердің өкілдері аталған жобаның тікелей мектептерге қатысты жетістіктері мен шешуші көрсеткіштері туралы айтып берді.   

Екатерина Анисимова, Алматы қаласындағы № 116 мектептің директоры:

«Мен Алматы қаласындағы пилоттық мектептердің біріненмін.  WASH саласындағы жалпыеуропалық саясаттың негізгі құралы – су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамамен танысудың арқасында мектептің нормативтік құжаттарының біріне, атап айтқанда «2016-2021 жылдарға арналған мектеп оқушыларының денсаулықтарын нығайту бағдарламасына» оқу орнының оқу-тәрбие үдерісі жағдайында өзгеріс енгіздік.  

Біз көптеген мәселелерге түзету енгіздік, салауатты өмір салтына ынталандыру денсаулықты нығайтуға, оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың қолайлы жағдайлары мен денсаулық деңгейлерін арттыруға мүмкіндік беретін кешенді тәсілдеме екендігіне көз жеткіздік. 

Біз оқушылардың ас-тағамдарының сапасын көтердік, қауіпсіз және үйлесімді ас мәзірімен қамтамасыз еттік,  ұстаздармен және ата-аналармен бірлесіп, оқушылардың денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, олардың оқу үлгерімдерін де көтеретін ағарту-әдістемелік жұмыстар жүйесін ұйымдастырдық».

Ербол Әренов, Астана қаласындағы № 10 мектеп-гимназияның мұғалімі:

«Біздің мектеп 2017 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан бойынша пилоттық жобада. Біздің мектеп – оқушылар денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін мектеп. Осы уақыт аралығында мектебімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз ДДҰ сарапшыларының нұсқаулықтарын алдық, соның негізінде іс жоспарын жасадық, мектептегі жағдайды бағалап, мониторинг жүргіздік.

Жобаны енгізу арқылы біздің мектебімізде үлкен өзгерістер орын алды. Мысалы, су ішетін шүмектер  қойылды, оқушыларға арналған емдеу-шынықтыру бөлмесі жабдықталды, жанасу жол сілтегіштері орнатылды, инклюзивті білім беру бағдарламасы аясында  мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы әжетхана бөлмесі жабдықталды. Спортпен айналысатын оқушылар санының артуына мүмкіндік беретін спорттық құрал-саймандар, спорттық киім сатып алынды.  Әдістемелік әдебиеттер сатып алынды, жаңа үйірмелер ашылды, 1-4 сыныптар денсаулық әліппелерімен қамтамасыз етілді.  Жоғары сынып оқушылары кішкентайлармен спортпен айналысып қана қоймайды, олармен салауатты өмір сүру мәдениетіне, дұрыс тамақтануға және басқа да аспектілерге қатысты  түрлі тренингтер өткізеді».

Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту бойынша ұлттық жоба енгізді, соның аясында мектеп медицинасын жақсарту және ДДҰ әдісіне сай Қазақстанның барлық мектептерінде пилоттық мектептердің табысты тәжірибелерін енгізіп, тарату қарастырылған.

Қазақстан үшін, ондағы мектеп-қатысушылар үшін ДДҰ сарапшылары ұсынған  тәжірибелік нұсқаулық жақын уақыттарда мемлекеттік тілге аударылып, ДСДРО интернет-ресурсы арқылы таратылады, яғни барлық қызығушылық танытқан тұлғалар үшін қол жетімді болады. 

«Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» санын арттыру үшін Еуропадағы Денсаулық мектептері желісінің сайтына ұқсас қазақстандық сайт жасау жоспарлануда: http://www.schools-for-health.eu/she-network

ДДҰ-ның «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасын енгізу балалар мен жасөспірімдерді  қолдап, олардың денсаулығын нығайтып, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.