Астанада медициналық технологияларды бағалау саласындағы Польша тәжірибесі және оның шешім қабылдау үдерісіндегі орны талқыланды

Кеше Астанада  «Ұтымды дәрі-дәрмек саясаты. Медициналық технологияларды бағалау (МТБ) және медициналық сақтандыру. Қазақстан және Польша сарапшылары арасындағы тәжірибе алмасу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Польша Денсаулық сақтау министрлігінің ұтымды дәрі-дәрмек саясаты және медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Фармацевтика департаментінің және Ұлттық Денсаулық қорының (Поляк медициналық сақтандыру қоры) басшысы, доктор Кшиштаф Ланда қатысты.

Ол ДСДРО, «СК-Фармация» ЖШС қызметкерлерімен, «Атамекен» ҰКП өкілдерімен медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық технологияларды бағалау жөніндегі агенттіктер жұмыстарының ролі мен қағидаттары жайындағы пікірлерімен, «препараттардың тиімділігіне негізделген» баға белгілеу арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ұтымды шығындары саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

«Табыс мөлшері орташа деңгейдегі елдерде медициналық технологияларды бағалаудың аралас үлгісі болғаны дұрыс. Мұндай елдердің Денсаулық сақтау министрліктері сол және басқа технологиялар туралы толық есеп жүргізуге мүдделі болуы мүмкін. Бұл шығыны өте көп технологияларға немесе халықтың кеңейтілген санаттарына есептелген ұлттық бағдарламаларға қатысты. Медициналық технологиялардың басым бөлігі үшін, бірінші кезекте, бағалаудың жеңіл үлгісіндегі  дәрі-дәрмектер қолайлы, - деп атап өтті сарапшы. 

Бұдан басқа, дөңгелек үстел барысында дәрілік препаратты өндірушілер мен мемлекет арасындағы тәуекелдерді бөлісу мәселелері де қозғалды.  Мысалы, мемлекет фармкомпаниялардан препараттарды белгілі бір шарттармен сатып алады: егер ем нәтижесіз болса, өндірушілер бюджет қаражатын қайтарады, немесе ем нәтижелі болған жағдайда ғана дәрі-дәрмектерге төлем жасалады. Сондай-ақ, «value-based pricing» аталатын құндылықтарға негізделген, дәрі-дәрмектерге баға белгілеу мәселелері де талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қазақстандық және поляк тараптары арасында тәжірибе алмасу бойынша ұзақмерзімдік ынтымақтастық туралы келісімге келді.