Астанада денсаулық сақтау саласындағы бизнестің және қайта реттеудің проблемалық мәселелері талқыланды

6 қазанда Астана қаласында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы базасында денсаулық сақтау саласындағы бизнес үшін кедергілерді азайту, қайта реттеу және жекеменшік секторды дамыту мәселелері жөніндегі жобаларды жүзеге асыру аясында құрылған жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Жұмыс тобының құрамында бизнес – қоғамдастықтың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бар. Отырыс барысында олар денсаулық сақтау саласында жекеменшік бизнесті дамыту, қайта реттеу мәселелерін талқылады.   

Денсаулық сақтау саласын қайта реттеудің, сондай-ақ медициналық қызмет сапасын арттырудың негізгі аспектілері жайында «Сұңқар» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Керімқұлов,  «Неврология, эпилептология және оңалту» ЖШС-нен Лейла Дайырбаева, «Даумед клиникасы» ЖШС директоры Бауыржан Дауей сөз алды. Сондай-ақ,  отырысқа селекторлық тәртіпте Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қадағалау кеңесінің мүшесі  Вячеслав Локшин, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы Расул Дүйсенов және «Гематолог-дәрігерлер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ирина Пивоварова қатысты.

Жұмыс тобының талқылауы нәтижесінде Денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілетті үлгісін жасау жөніндегі жол картасын әзірлеу бойынша ұсыныстар өңделіп, даярланды.

Тиімділікті арттыру үшін, топ жұмысы үш бағытта жүзеге асырылады: КТМКК, тарифтерді белгілеу, ӘМСҚ,  ЖОБ; мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және корпоративтік басқару; ғылым және білім.