ДДҰ Қазақстанның БҰҰ тұрақты даму мақсаттары аясында ана өлімін азайтудағы жетістік тарихын жариялады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) «2017 жылғы Денсаулық сақтаудың әлемдік статистикасы: тұрақты даму мақсаттарындағы денсаулық мониторингі» деп аталатын жыл сайынғы жинағын шығарды, онда ДДҰ-на мүше 194 елдің деректері жинақталған. Жинақтың көздеген нүктесі – бүкіл әлем үшін БҰҰ айқындаған тұрақты даму мақсаттарына  (ТДМ) қол жеткізу.

Жинақтың бірінші бөлімінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ДДҰ қозғаған алты іс-әрекет сипатталады. Екінші бөлім 2017 жылғы шұғыл деректер бойынша ТДМ жетістіктерінің ағымдағы мәртебесіне арналған. Жинақтың үшінші бөлімінде ДДҰ ұсынған іс-әрекеттер арқылы халық денсаулығын жақсартуға күш салып отырған кейбір елдердің жетістік тарихы жарияланған.  Ұсынылған жетістіктер тарихы елдердің денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін қабылдаған шаралар жиынтығын көрсетеді, ол өз кезегінде тұрғындар өмірін қорғайтын реформалар енгізуді жеделдетеді.

ТДМ 3.1 ана өлімін болдырмауға бағытталған, Қазақстанның жетістігі дәл осы салада байқалады.

Қазақстан 2011 жылдан бастап «ана өлімінің құпия аудиті» аталатын, эпидемиологиялық қадағалаудың мамандандырылған жүйесін енгізген санаулы елдердің бірі.  ДДҰ деректері бойынша,  бұл Қазақстандағы азаматтық тіркеу және статистика жүйесін жақсартып, соңы өлімге алып кеп соғатын қателіктердің себептері бойынша түзету шараларын енгізуге мүмкіндік берді.   Бұл әдістеме түрлі дерек көздерін (қайтыс болған әйелдің отбасы мүшелеріне құпия сауалнама жүргізу, денсаулық сақтау қызметкерлеріне сауалнама жүргізу,  ресми деректерге шолу, тұрғындарға сауалнама жүргізу, медициналық карталарының деректері және өлімді тіркеу деректері) жинақтауға негілделген.

ДДҰ атап өткендей, бұл аудит Қазақстанда  ресми тіркелген ана өлімі жағдайларын ғана емес,  жазатайым уақиға ретінде немесе басқаша себептермен тіркелген жүкті әйелдер өлімін де қозғайды. Нәтижесінде 2011-2013 жылдар аралығындағы осындай 18 өлімнің 8-і ана өлімі ретінде қайта жіктелді.

«Ана өлімінің құпия аудиті нәтижесінде Қазақстанда емдеу хаттамалары қайта қаралып, анық, расталған статистикалық деректер жинап, ана өлімін болдырмау жөнінде жүйелі шаралар қабылданды» деп атап көрсетіледі ДДҰ жинағында.

ДДҰ жинағының толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады