Астанада медициналық қызметкерлер мен ұйымдардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру механизмдерін әзірлеу мәселесі қаралды

13 қыркүйекте «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ базасында медициналық қызметкерлер мен ұйымдардың кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың  құқықтық механизмдерін әзірлеу үшін «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ-дағы РМК-да құрылған жұмыс тобының отырысы болып өтті.

Шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ДСДРО Ғылым және адами ресурстар департаментінің мамандары,  Ұлттық денсаулық сақтау палатасының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, Сақтандырушылар қауымдастығының, «Арман» отбасылық және медициналық құқық бюросы» ЖШС өкілдері қатысты.

Отырыста медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігінің ықтимал үлгілері талқыланды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» жобасын жүзеге асыру аясында  осы саладағы нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Сақтандыру және қаржы саласының сарапшылары медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру үлгілері мен түйінді қағидаттарының көріністері бойынша өз пікірлерін білдірді.  

Отырыс қатысушылары ары қарайғы жұмыстар барысында пайдаланылатын кәсіби жауапкершілікті сақтандыру үлгілерін жүзеге асыруға қажетті шарттар жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.