Медициналық туризмді дамыту жөніндегі жұмыс тобы шетелдік туристтерді есепке алу мүмкіндігін талқылады

19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасын дамыту аясында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы базасында дөңгелек үстел болып өтті, онда Қазақстан Республикасындағы медициналық туристтерді статистикалық есепке алу тетіктерін және нормативтік-құқықтық деректерін әзірлеу мәселелері талқыланды.

Шараға ҚР ҰҚК шекара қызметінің, ҚР ІІМ көші-қон қызметінің, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің, Ұлттық денсаулық сақтау палатасының, Ұлттық курорттық қауымдастығының қызметкерлері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының өкілдері қатысты. Олар «2020 жылға дейін медициналық туризм мен импорт алмастыруды дамыту» жобасының негізгі шараларын, жобаны жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылады.

ДСДРО бас директорының орынбасары Айман Ысқақова өз сөзінде медициналық туризм бойынша статистикалық есептің жоқтығын айта келіп, оның нақты тетіктерін айқындау қажеттігі, сондай-ақ ҚР ҰҚК шекара қызметі мен ІІМ арқылы Қазақстанға келген медициналық туристтерді тіркеп, статистикалық есепке алу мүмкіндігі жайлы ойын ортаға салды.

ҚР ҰҚК шекара қызметінің шекараны бақылау басқармасының бастығы Марат Мағжанов бақылаудан өткізу шараларын күрделендіріп, созып жіберетіндіктен, шекараны бақылау аймағында медициналық туристтерді есепке алу мүмкін еместігін айтты, оның үстіне жиналған ақпарат көзі күмәнді болмақ.

Дегенмен, ІІМ мен ҰҚК өкілдері медициналық ұйымдарда, енгізу тәжірибелері ұқсас қонақүйлерде емделіп-сауықтыру шараларын қабылдауға келген шетел азаматтарын тіркеу үшін «Бүркіт» жүйесінің визалық-көші-қон порталын енгізу мүмкіндігін жоққа шығармады.

Өз кезегінде, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев медициналық туризм бойынша бірыңғай портал құру аясында шетелдік пациенттерді статистикалық есепке алу шараларын енгізу туралы ойын жеткізді.

Барлық қатысушылар ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің қызметтер және энергетика статистикасы басқармасының жетекшісі Зифа Якупованың ҚР ДСМ деңгейінде медициналық туристтерді есепке алудың жеке нысанын (түрін) жасау туралы ұсынысын қолдады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша статистикалық есепке алудың бірыңғай нысанын (түрін) жасау жөніндегі ұсынымды ескеру туралы шешім қабылданды.