Алматыда Қазақстанның медициналық мекемелерінің бір бөлігін корейлік клиникалардың сенімді басқаруына беру перспективалары талқыланды

15 қыркүйекте Алматыда «Денсаулық сақтау жобаларындағы МЖС серіктестік үлгісі: мерзімі мен шарттары» атты панельдік сессия өтті.

Шараға ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі А.Мүсірепова, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының орынбасары Н.Күзембаев, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы А.Р.Ойнаров, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармаларының, Алматы қаласы медициналық ұйымдары, жекеменшік секторлары қауымдастығының өкілдері, Кореяның Денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының (KHIDI)  ТМД-дағы ресми өкілі Ихе Ким және   ASAN, Inha University Hospital, Severance, Chaum Hospital, Gil Hospital – корейлік жетекші медицина операторларының өкілдері қатысты.

Кездесуді ұйымдастырушы – ҚР ҰЭМ «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ.

Кездесу барысында тараптар корейлік жетекші медицина мекемелерін  қазақстандық денсаулық сақтау объектілерін басқаруға тартудың нақты жобалары мен шарттарын қарастырды. Денсаулық сақтау басқармалары корейлік компаниялармен өзара әрекеттестікке әзір екендіктерін білдірді және жекелеген кездесулер аясында екі жақты ынтымақтастық шараларын талқылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы денсаулық сақтау саласындағы МЖС жобаларын ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмыстарды жандандыруға шешім қабылдады.

Аталған панельдік сессия корейлік клиникалар мен  госпитальдер өкілдеріне Қазақстандағы жұмыс шарттарын түсінуге, ал қазақстандық тарапқа медициналық мекемелерді басқаруда ең табысты халықаралық тәжірибесі бар серіктестер таңдауға мүмкіндік берді.