Мамандар сырқатты болжаудың әмбебап әдістерін талқылады

12 қыркүйекте Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында Қазақстандағы сырқаттардың даму үдерісін болжау және ұзақ мерзімді үлгілеу әдістемесін әзірлеу жөнінде жұмыс тәртібіндегі жиын болып өтті.  

Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ЖҚТБ-ның алдын алу және қарсы күрес орталығының, Онкология және радиология ҒЗИ-ның, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ның, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының, University Medical Center өкілдері қатысты.

Жиынды ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы.

Жиын аясында сырқат дамуын болжауға қолайлы бағдарламалар пакетін іздестіру және түрлері бойынша үлгілеу жөніндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Салалық қызметтердің мамандары жиын қатысушыларының қарауына ЖҚТБ/АИВ-инфекциялары, онкология, кардиология және ішкі аурулар, ЖРВИ мен тұмау вирусының және ауруларының айналымы секілді инфекциялық, инфекциялық емес ауруларды үлгілеу және болжау тәсілдерін ұсынды.

Қазіргі уақытта жекелеген сырқаттар топтары бойынша болжау бағдарламалары бар. Дегенмен медициналық қызметтердің басым бөлігінде бірегей болжау әдістері жоқ, сондықтан да бұл бағытта әмбебап тәсілдеме ойластыру өте өзекті мәселе болып табылады. 

Талқылау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан жұмыс тобын құру, болжау және үлгілеу саласында мамандар даярлау үшін бірқатар оқыту семинарларын, тренингтер өткізу туралы шешім қабылданды.