5 қыркүйекте Ұлттық курорттық қауымдастық Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығымен, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының курорт-шипажай саласын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына 10-нан аса шипажайлық-курорттық ұйымдардың басшылары қатысты.
Ұлттық курорттық қауымдастықтың статистикалық деректеріне сәйкес, 2017 жылы ҚР шипажайларында 1500-ге жуық шетелдік туристер болған.
Ұлттық курорттық қауымдастық президенті Саягүл Кайыргелдинова өз сөзінде Қазақстандағы шипажайлық-курорттық ұйымдарды дамыту аспектілеріне, сондай-ақ Қауымдастықтың негізгі шараларына көңіл бөлді.
ДСДРО бас директорының орынбасары Айман Ысқақова Қазақстанда медициналық туризм мен импорт алмастыру саласын дамыту жобасын жүзеге асыру жолдарына нақты тоқталды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның шипажайлық-курорттық ұйымдарында медициналық туризм саласын дамытудың өзектілігін талқылады. Шипажайлық-курорттық ұйымдардың өкілдері медициналық туризм саласын дамыту жобасының жол картасына қызығушылық танытып, оны әрі қарай жүзеге асыру шараларына қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Шипажайлық-курорттық емдеуге шет елдердің жетекші сарапшыларын тарту арқылы, госпитальдық сервис деңгейін арттыру қажеттігі ескерілді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында еліміздің шипажайлық-курорттық кешенін құрайтын, негізгі курорттық аумақтарды және олардың табиғи емдік ресурстарын сақтап қалу мәселелері де қозғалды.