«ЭКСПО-2017» халықаралық павильондарының өкілдері Қазақстанның жетекші клиникаларында болды

Бүгін, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Қазақстанның Ұлттық курорттық қауымдастығымен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің комиссарлары үшін Астана қаласының денсаулық сақтау объектілері бойынша ақпараттық медициналық тур өткізді.

Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерімен, медициналық қызмет көрсету сапасымен танысу мақсатында  «ЭКСПО-2017» халықаралық павильондарының өкілдері Қазақстанның жетекші клиникаларында болды.

Қазақстандық медицинаның басым бағыттарының бірі – медициналық туризм.

Қазақстандық пациенттер медицинаның кардиохирургия, нейрохирургия, ағзалар трансплантациясы, онкология секілді салаларында медициналық көмек алу үшін ұзақ уақыт бойы шет елдерге баруға мәжбүр болды.

Өз елімізде заманауи клиникалар құрылып, кардиохирургиялық және  нейрохирургиялық көмек жағы алға дамығалы бері, қазақстандықтардың сырт елдердің еміне деген қажеттіліктері біршама азайды. Ал шетелдіктер үшін Қазақстанда халықаралық стандарттар бойынша медициналық көмек алу мүмкіндігі пайда болды. Еліміздің бірқатар клиникаларында қазір өте жоғары деңгейлі сапада жоғары технологиялық қызметтер көрсетіледі.

Ақпараттық медициналық тур қатысушылары ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының ауруханасында болып, госпитальдың қызметімен  танысты, оларға бөлімшелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы көрсетілді.

Бұдан басқа, халықаралық көрме комиссарлары Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығын, Ұлттық нейрохирургия орталығын, «UMC» КҚ республикалық диагностикалық орталығын, «UMC» КҚ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын, «UMC» КҚ Балаларды оңалту ұлттық орталығын аралады.