Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдың І жарты жылдығының жұмысын қорытындылады

17 тамызда 2017 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы міндеттер жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқа мәжілісінің отырысы өтті. Алқа мәжілісінің жұмысына Қоғамдық кеңестің мүшелері, аймақтардың денсаулық сақтау басқармаларының, ведомстволық ұйымдарының, аумақтық департаменттерінің басшылары, т.б. қатысты.

 Өз сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы жылдың бірінші жарты жылдығындағы отандық медицинаның маңызды жетістіктерін атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз баяндамасында денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың 6 айында жағымды динамика сақталады: өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда нәресте өлім-жітімі (10,8%-ға), жаңадан пайда болған қатерлі өскіндерден болған өлім-жітім (5,6%-ға), миокард инфаркты (5,5%-ға), жазатайым оқиғалар мен жарақаттар (8,6%), туберкулез (30,2%-ға) көрсеткіштері төмендеген.

Сондай-ақ, Бағдарлама аясында 11 аймақта созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы енгізілді. Жылдың соңына дейін оны еліміздің барлық өңірлеріне енгізу жоспарлануда. Нәтижелері пациенттердің 75%-да қан қысымының тұрақталғанын, қант диабетімен ауыратын науқастардың  65%-ында қан көрсеткіштерінің жағымды динамикасы байқалғанын көрсетті.

Мемлекеттік бағдарлама аясындағы Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ұлттық саясатын жүзеге асыру фармацевтикалық өнімдерге деген  кепілдендірілген он жылдық мемлекеттік тапсырыстың арқасында, жаңадан дәрі-дәрмек өндірісін іске қосуға немесе бұрынғы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді.

 «Бірыңғай дистрибьютердің жалпы сатып алу көрсеткішіндегі отандық өндірушілердің үлесі өнімнің заттай көрінісінде 75%-ды, ақшалай көрінісінде 30%-ды құрады», - деп атап өтті вице-министр.

КТМКК аясында 2017 жылы 2,3 млн. аса пациенттер АМСК деңгейінде жалпы сомасы 89,1 млрд.теңгенің тегін дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы тегін дәрі-дәрмек босатылатын аурулар тізбесі кеңейтілді.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың келешектегі бағыты – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жолға қою. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласындағы МЖС жобаларының әлеуетті тізбесі 153 жобаны құрайды. Олардың ішінде 11-імен жалпы сомасы 12 млрд. теңгенің МЖС келісімшарты және 10 сенімді басқару шарты жасалды.

 «Атқарылған жұмыстарға қарамастан, 2 аймақта – Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында құрылысқа жеке меншік инвестиция тартуда белсенділік төмен. МЖС жобаларын жоспарлаудағы тұрақсыздық (әлеуетті инвесторлар тарту  үшін маңызды) аймақтардың және жалпы денсаулық сақтау саласының инвестициялық тартымдылығына кері әсер етеді», - деді Алексей Цой.

Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін Министрлік аймақтармен бірлесіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың аймақтық перспективалық жоспарларын әзірлеуде, аталған жоспарлар аясында инвестициялық-тартымды жобалардың тұрақты пулы құрылады.

Аймақтарда «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова ұсынды.

ДСДРО жарты жылдық қорытындысы бойынша «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 30 түйінді индикаторлар жетістігі негізінде аймақтарға рейтинг жүргізіп, мониторинг жасады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша І жарты жылдықта қол жеткізген ең үлкен көрсеткіштер Астана қаласына, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына тиесілі. Ал Атырау, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында жетістіктер көрсеткішінің төмен екендігі байқалады.  

ДСДРО, сондай-ақ, Медициналық ЖОО-ның ғылыми-білім беру қызметтерінің рейтингін (үшінші жыл қатарынан ҚММУ алдыңғы орында) және резиденттер мен интерндерді тәуелсіз бағалау нәтижелерін ұсынды.

Алқа мәжілісінде ҚР ДСМ жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиев те сөз алып, ҚР денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру барысы мен енгізілген жобалық тәсілдеме туралы мәлім етті. 

Бюджеттік қаражаттың игерілуі туралы ҚР ДСМ жауапты хатшысы  Болат Төкежанов; кадрлар қажеттілігін қамтамасыз ету туралы ҚР ДСМ ғылыми және адами ресурстар департаментінің директоры Айгүл Қаптағаева ақпарат берді.

Алқа мәжілісінің материалдарымен ДСДРО сайтынан мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.