ДСДРО және ДДҰ Қазақстан Республикасындағы АМСК жаңғырту және дамыту жобасын талқылады

Ағымдағы жылдың 2 тамызында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаеваның басқаруымен  ҚР ДСМ жобаларды басқару штабының кезекті отырысы өтті. ДДҰ Еуропа аймақтық бюросының инфекциялық емес аурулары бөлімшесінің директоры Гауден Галеа және ДДҰ АМСК жөніндегі Еуропа орталығының басшысы Хуан Тэлло қатысқан осы отырыста «АМСК жаңғырту және басым бағытта дамыту негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент қажеті айналасына біріктіру» жобасын жүзеге асыру есебі, 2017 жылдың  6 айында жобаның сегіз бағыты бойынша жасалған жұмыстардың нәтижелері ұсынылды.

Жылдың басынан бері жалпы практика дәрігерлерінің жүктемелерін азайту мақсатында, олардың есептік-есепке алу құжаттамалары қысқартылып, Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) орталығында скринингтік бағдарламаларды дамыту жөніндегі әлеуметтік жұмыскерлердің қызметі анықталғандығына баса назар аударылды.  Жедел және шұғыл медициналық көмекті дамыту бойынша Қызылорда және Павлодар облыстарында 103 бірыңғай диспетчерлік қызмет құру және барлық санитарлық көліктерге GPS навигация орнату арқылы бірыңғай жедел  медициналық жәрдем қызметі жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бұдан басқа, жәрдем шақыру жеделдігінің 4 санаты анықталған жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа ережесі, стационарлардағы қабылдау бөлімдерінің триаж-жүйесі стандарттары әзірленді.

Сондай-ақ, отырыста Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің үлгісі, яғни оның қызметі, құрылымы мен негізгі бағыттары теориялық тұрғыда ұсынылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижелері ДДҰ сарапшылары тарапынан жоғары бағаланды. ДДҰ кеңес беру тобы Қазақстан Республикасында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және қоғамдық денсаулық сақтау жөнінде бірқатар ұсынымдар берді.

ДДҰ сарапшыларының пікірінше, Қазақстан Республикасы көршілес елдерге көмектесіп, АМСК жетілдіру және қоғамдық денсаулық сақтау шараларын ұйымдастыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісе алады. Бұдан басқа, Қазақстанға Грузияның АМСК мамандарын  Ауруларды басқару бағдарламасы мәселелері бойынша оқыту шараларына қатысуға шақырды.