Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындар үшін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді қаржыландыруды 2018 жылы 38%-ға ұлғайтпақ

2017 жылдың шілде айында Медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның шешімімен және Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен (қазір бұйрық ҚР Әділет Министрлігіне тіркеуге жіберілген) 2018 жылға арналған МӘМС жүйесінде және КТМКК-де тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) тізбесі қайта қаралды және кеңейтілді. 

Шамамен, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығыны,  жаңа бұйрыққа сәйкес, 106 429 019 926 теңгені (КТМКК аясында – 67 910 449 291 теңге, МӘМС аясында – 45 432 841 451 теңге) құрайды, 2016 жылы АДҚ шығындары 77 194 551 026 теңгені құраған болатын. 2018 жылы тұрғындарды тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін мемлекеттен 38%-ға артық қаражат бөлінбек.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2011 жылдың 4 қарашасындағы АДҚ тізбесін бекіту туралы бұрынғы бұйрығында тұрғындар халықаралық патенттелмеген атауы (ХПА) бойынша 266 дәрілік заттар атауымен, сырқаттың 47 тобы үшін медициналық бұйымдардың 6 түрімен тегін қамтамасыз етілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығында ХПА бойынша 274 дәрі-дәрмекпен (8 атауға артық), сырқаттың 48 тобы үшін медициналық бұйымдардың 8 түрімен тегін қамтамасыз етілмек.

2018 жылға арналған тегін дәрі-дәрмектер тізбесі тиімділіктері дәлелденген жаңа препараттармен толыққан; халықаралық ұсынымдарға сәйкес, тиімділіктері дәлелденбеген және клиникалық практикада пайдаланылмайтын дәрілік заттар алынып тасталған.

Денсаулық сақтау министрлігі бірте-бірте стационарда негізсіз емдеуді азайтып, сырқаттарды амбулаториялық деңгейде емдеу-басқару тәсілдеріне көшуді ынталандыра отырып, тегін АДҚ тізбесін кеңейту мақсатын алға қояды.

Тізімдегі жаңа сырқат түрі – аутоиммунды сырқаттар тобына жататын шорбуынды спондилит. Енді шорбуынды спондилитпен ауыратын науқастарға бірінші желідегі препарат ретінде тегін «индометацин» және «сульфасалазин» дәрілері беріледі, олар көмектеспеген жағдайда «голимумаб», «адалимумаб» биологиялық агенттерін тегін ала алады.

Мемлекет ауыр сырқат түрімен ауыратын науқастар мен олардың отбасыларына көп көңіл бөледі. Жазылмайтын сырқаттары бар науқастар үшін паллиативтік көмек көрсету үшін тегін дәрілер тізімі айтарлықтай кеңейген. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі АДҚ тізбесіне  15 жаңа дәрілік заттар мен бұйымдар кіргізді: кетопрофен; трамадол, морфин, фентанил, преднизолон, дексаметазон, омепразол, амитриптилин, карбамазепин, метоклопрамид, диазепам, бисакодил, спиронолактон, торасемид, орамда қорғаныш пастасы бар біркомпонентті дренаждалған илео/колостомды нәжіс қабылдағыш.

Егер бұрынғы бұйрықта паллиативтік көмек үшін тегін дәрі-дәрмек алу көрсеткіші ретінде тек қатерлі өскіндердің кең таралған түрлеріне ғана рұқсат етілсе, қазір   тегін дәрі-дәрмек алуға болатын ауыр науқастардың саны артты, олардың қатарында  туберкулез және АИВ-инфекциясы, жүрек, бауыр, бүйрек жетіспеушілігі декомпенсациясы, бауыр циррозының асқынуы сатысындағы созылмалы асқынған аурулар бар.  

Тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің жаңа тізбесінде балаларға ерекше көңіл бөлінген.  Балалар арасындағы ювенильді артритті амбулаториялық деңгейде емдеу үшін, бірінші желінің емі нәтижесіз болғанда қолданылатын биологиялық препаратты  (этанерцепт) енгізу есебінен екінші желі препараттарының тізбесі кеңейтілген. Амбулаториялық деңгейде биологиялық препаратпен емдеу нәтижесінде аурудың клиникалық сипаты жақсарып, науқастың ауруханаға жатуы сирейді, буындар қызметін жоғалтпайды.

Тегін дәрі-дәрмектер тізбесіне жүректің ишемиялық ауруларын (ЖИА) емдеу үшін заманауи препараттар қосылған. 2018 жылға статиндер («аторвастатин») тобының дәрілік заттары енгізілген. Статиндерді қолдану  ЖИА-нан  болатын өлім-жітімнің азаюына, миокард инфаркты қаупінің азаюына, реваскуляризация,  инсульт және перифериялық тамыр аурулары емшараларының жиілеуіне алып келеді.

Жаңа бұйрықта гемабластоз және апластикалық қаназдық (анемия) кіретін гематологиялық ауруларды емдеу үшін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілген.  Бұрын науқастарға ауруханаларда ғана берілген 11 жаңа препарат қосылған.

АДҚ жөніндегі бұйрықта бұрынғы жергілікті бюджет есебінен және республикалық бюджет есебінен деген бөліктер алынып тасталған, аурулар бір орталықтан республикалық деңгейде қаржыландырылады. Ақпараттандыру ыңғайлы болу үшін тізбе қосымша деректермен толықтырылған: дәрілік заттар үшін МКБ-10 сырқат коды және АТХ коды.