Дәрілік заттардың, клиникалық фармакологияның өзекті мәселелері

2017 жылдың  22 маусымында Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы базасында Қазақстан ұлттық дәрілік формуляры, фармакологиялық қадағалау, клиникалық фармакология мәселелері бойынша кеңейтілген жиын болып өтті.

Жиынға ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, Алматы қаласындағы Фармация комитетінің, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының, Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Алматы қаласындағы медициналық ұйымдар мен жекеменшік дәріханалардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында Қазақстан ұлттық формулярын толықтырған клиникалық хаттамаларды синхрондаудың, фармакологиялық қадағалауды жүзеге асырудың және Қазақстанда клиникалық фармакологтар жетіспеушілігінің өзекті мәселелері талқыланды. 

Кеңейтілген жиынның қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар мен тұрғындарды формулярдың тәжірибе жүзінде қолданылуы бойынша ақпараттандыру бағытындағы ДСДРО аймақтық өкілдерінің жұмыстарын  жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Бұдан басқа, ДСДРО Қазақстандағы медициналық ұйымдар үшін клиникалық фармакологтарды қолдау жөніндегі үйлестіруші, ұйымдастырушылық-әдістемелік орталық ретінде белгіленді. Осыған байланысты, НҚА базасын жетілдіру, клиникалық фармакологтар бойынша деректер қорын құру, аталған мамандардың нақты қажеттілігін анықтау, сондай-ақ одан әрі кадрлар дайындау шаралары жоспарлануда.

Сонымен бірге, медициналық ұйымдардағы мемлекет бюджетін үнемдейтін клиникалық фармакологтар үшін ынталандыру компоненттерінің сызбасын, ДСДРО-ның облыстар мен Астана, Алматы қалаларының Денсаулық сақтау басқармаларымен өзара іс-қимылының ұйымдастыру сызбасын әзірлеу жайында шешім қабылданды.