МӘМС жүйесінде медициналық қызмет сапасын басқару

2017 жылдың 4 шілдесінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығымен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен бірлесіп «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет сапасын басқару» (одан әрі - МӘМС) тақырыбына дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге селекторлық режимде Қазақстанның өзге аймақтарының медициналық қоғамдастығының өкілдері де (медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі медициналық ұйымдар басшыларының орынбасарлары) қатысты.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаева ашты.

Селекторлық жиын барысында МӘМС жүйесінде медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету, жеткізушілердің көрсеткен медициналық қызметтерінің сапасына мониторинг жүргізу тетіктері, МӘМС жүйесіндегі медициналық қызмет көлемі мен сапасын мемлекеттік реттеуді одан әрі дамыту мәселелері, МӘМС кезінде медициналық қызмет сапасын бақылаудағы тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби медициналық қауымдастықтардың ролі, дәрігерлер мен медициналық ұйымдарға қарсы сот талаптарының қаупін азайтудағы медиацияның ролі талқыланды.

«Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ-дағы РМК бас директоры А.Т.Айыпханова өз сөзінде медициналық қызмет көрсетуді стандарттау арқылы медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелеріне тоқталып, МӘМС жүйесіндегі ДСДРО-ның институционалды ролін айқындады.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Н.С.Әлменова медициналық ұйымдар деңгейінде пациенттік-бағдарлау инновацияларын енгізудегі, шығыстарды үнемдеудегі және медицина қызметкерлерінің еңбекақыларын көтерудегі жетістіктер туралы айтты.

Сонымен бірге, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің медициналық қызмет сапасын бақылау басқармасының басшысы А.Т.Рахымжанова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҮЕАҚ медициналық қызметті сатып алуды ұйымдастыру департаментінің директоры Г.О.Кулкаева, «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» ЗТжЖКБ төрағасының орынбасары А.А.Қауышева және Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитеті төрағасының орынбасары Г.Т.Шайхыбековалар сөз сөйледі.

Аймақ өкілдері сапаны бақылау моделін жалпы қолдады, сондай-ақ өз ұсыныстарын 100@rcrz.kz электронды поштасына жолдауды жоспарлауда.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан Республикасының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы медициналық көмек алу және денсаулық сақтау мекемесін таңдау құқығына ие болады. МӘМС жүйесінің негізгі мақсаты – медициналық қызметтің жоғары сапасын сақтай отырып, оның тұрғындарға қол жетімділігін арттыру. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) мен МӘМС аясындағы медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы қаржы операторының  қызметін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҮЕАҚ жүзеге асырады.