Медициналық және емдеу-сауықтыру туризмін дамытудың өзектілігі

Бүгін Астанада «Медициналық және емдеу-сауықтыру туризмі: Қазақстан нарығының тренді» тақырыбына арналған республикалық конференция өтті. Конференция аясында аталған саланы дамытудың өзекті мәселелері қарастырылды.

Шараны ұйымдастыруға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, медициналық мекемелер мен туризм және сервис индустриясы ұйымдарының салалық мамандары мен менеджерлері атсалысты.

Қазіргі уақыттағы басым бағыттардың бірі - медициналық туризм. 2016 жылдың өзінде  Түркия, Индия, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Корея, Қытай елдерінен, т.б. келген бес мыңнан астам шетелдік пациенттер Қазақстандағы медициналық мекемелерде ем алған. Шетелдік азаматтардың арасында қажеттілігі жоғары медициналық қызметтер – консультативтік-диагностикалық, стационарлық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, травматологиялық, трансплантологиялық қызметтер.

Қазақстанға шетелдік пациенттерді тарту көбіне жалпы туристік инфрақұрылымның тартымдылығына, еліміздің туристік-рекреациялық ресурстарының дамуы мен кешенді пайдаланылуына байланысты. Шет елдерде ұқсас медициналық қызмет ақысы қымбат  болғандықтан, шетелдіктер Қазақстанда медициналық қызмет алу мүмкіндігіне қызығушылық танытады.

Қазақстанда медициналық туризмді дамыту Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынуда. Ол  алдыңғы бағдарламалардың заңды жалғасы іспетті, денсаулық сақтау саласындағы  өзгерістерді тереңірек  қарастыруға бағытталған.