ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Астана экономикалық форумы аясында жинақтамалы секция өткізді

Бүгін, 15 маусым күні Астана экономикалық форумы аясында Назарбаев Университеті базасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін жақсарту құралы ретінде» тақырыбында жинақтамалы секция болып өтті. Ұйымдастырушы – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Секция аясында Қазақстан медицинасын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды: әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, ЭЫДҰ-дағы медициналық қызмет көрсету сапасы, денсаулық сақтау саласындағы тиімділікті бағалау, Health технологияларын пайдаланып денсаулық мониторингін жүргізу, денсаулық сақтау саласында мобильді қосымшаларды қолдану.

Жинақтамалы секция жұмысына қатысушылар және сарапшылар ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары, Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Азия даму банкі, ірі ғылыми медициналық орталықтар, белгілі университеттер – халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Секция жұмысын ашып берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жекеменшік инвестициялар жыл сайын өсуде, бірақ Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 5%-нан аспайды. Денсаулық сақтау саласының одан әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін және медициналық қызметтегі болжамды қажеттіліктерді ескере отырып, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеміз. Ол мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы жауапкершілікті бөліп қарастырады. Аталған жоба аурудың алдын алуға және оны бақылауға ерекше ескеріп, қоғамдық денсаулық қызметі мен барлық денсаулық сақтау қызметтерінің пациент қажеттілігінің айналасына бірігуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Сондай-ақ ведомство басшысы өзінің шетелдік әріптестерінің назарын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басымдықтарына аударды. Бәрінен бұрын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолдауда жеке және іскерлік инвестициялардың халық денсаулығын қорғауға жұмсалуына жағдай жасауға, бірақ жақын уақыттарда мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі берілетін үкіметтік емес сектордың ролін арттыруға көңіл бөлінеді.

«Тұрғындар денсаулығының, өмір сүру жасының ұзақтығы, ана мен бала өлімінің, жалпы өлім-жітімнің азаюы секілді статистикасының дәйекті түрде жақсаруы байқалады. Әйткенмен, Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен

салыстырғанда бұл көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік бар. Медициналық практика мен менеджментке деген тәсілдемелердің айырмашылығын назарға ала отырып, біз тез арада бейімделіп, алдыңғы қатарлы тәжірибелер мен нормаларды енгізуге ұмтыламыз», - деді Елжан Біртанов.

Секция соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ренейссанс Констракшн» АҚ арасында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар «СК-Фармация» ЖШС мен ірі фармацевтикалық кампаниялар - “Санофи-авентис Казахстан” ЖШС, “Медтроник Казахстан” ЖШС, «Джонсонс&Джонсонс» ЖШҚ арасында дәрілік заттарды жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ «Pfizer H.C.P.Corporation»-мен иммундық-биологиялық өнімдерді сақтау және тасымалдау кезінде «суықтық тізбектерінің» сақталуын тиісті ұйымдастыру, басқару, бақылау мәселелері бойынша меморандум жасалды.