Денсаулық сақтау саласы партия назарында

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы» тақырыбында партиялық тыңдау өтті.

Оған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, денсаулық сақтау мәселесі бойынша партиялық тәлімгер Зәуреш Аманжолова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мәжілістегі партия фракциясының және ҚХА депутаттық тобының мүшелері, вице-министрлер, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық және өңірлік медициналық орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, сарапшылар қауымдастығы мен бейнебайланыс режімінде аймақ өкілдері де қатысты.

Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары денсаулық сақтау партия үшін аса маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Одан бөлек, партияның сайлауалды бағдарламасында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) құрамындағы елдердің ең үздік әлемдік стандарттарын денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге бағытталған нақты тапсырмалар көрсетілгеніне тоқталды. Оны жүзеге асыру арқылы 2021 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа көтеру, ал өлім деңгейін 10 пайызға төмендету (мың адамға 7,6-дан 6,28-ге дейін) көзделген. Бұл міндеттердің барлығы 2016 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенін де атап өткен жөн.

Денсаулық сақтаудың маңызы жөнінде айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыру Елбасы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өмірлік маңызы бар бұл саланың дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің басты саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы бұл маңызды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын одан әрі қатаң бақылайтын болады. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің гүлденіп-көркеюінің негізі», – деді.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2016 жылғы қорытындысы бойынша бірқатар бағыттар жөнінде нақты деректер келтірді.

Атап айтқанда, бірінші бағыт аясында қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің негізі қалыптасты. Екінші бағыт бойынша еліміздің жеті аймағындағы қалалық емханаларға ауруларды басқару бағдарламасын енгізуге арналған жоба жүзеге асырылуда. Үшінші бағытқа сай Үкіметтік емес ұйымдар, жеке секторлар және фарминдустрия өкілдерінен тұратын сапа жөніндегі бірлескен комиссия құрылды. Төртінші бағытты жүзеге асыру үшін Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бесінші бағыт бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде. Алтыншы бағыт аясында адам ресурстарын стратегиялық басқару және медициналық білімді жаңғырту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда. Жетінші бағыт сай мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке басымдық беріліп отыр. Соған орай министрлік жанында Бизнес-кеңес жұмысын бастап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және инфрақұрылымды дамытудың жол картасы дайындалғаны белгілі болды.

«Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың 2016 жылғы алдын ала қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштер көңіл қуантады. Мәселен өмір сүру ұзақтығы, халық денсаулығының индексі, тұрғындардың мелициналық көмек сапасына қанағат деңгейі бойынша оң өзгерістер байқалады», – деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, партиялық тыңдау барысында «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруда 34 көрсеткіштің 30-дан астамы орындалғаны айтылды. Іс-шара барысында нұротандық депутаттар аталған салаға қатысты тиісті мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Нәтижесінде халық қалаулыларын медициналық мекемелердегі мамандардың тапшылығы, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, медициналық қызмет сапасына бақылауды күшейту, медициналық мекемелерді интернетпен тиісті деңгейде жабдықтау, санитарлық автокөлікпен қамту, емделуге квота алу, бөлшектеп сатылатын дәрілік препараттардың бағасын реттеу, сондай-ақ, науқастардың тексерілуге және емделуге кеткен шығындарын өтеу мәселелері алаңдататыны белгілі болды.

Осыған орай депутаттар бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі медициналық қызметті орталықсыздандыру, саламатты өмір салты жөніндегі бағдарламаға айрықша көңіл бөлу және адам ағзасына қауіпті қалдықтармен ауаны ластайтын өндіріс орындарының жауапкершілігін күшейтуге қатысты өз ұсыныстарын жолдады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі маңызды реформаның мән-маңызы жан-жақты талқыланды. Бұл тақырып бойынша Қор жетекшісі Елена Бахмутова арнайы баяндама жасады. «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылауға бейнебайланыс арқылы үкіметтік емес ұйым өкілдері де қатысты. Олар да бұл саланың өзекті тұстарына назар аударып, тиісті шараларды қолға алу керектігін жеткізді.

 Отырысты қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай талқылаулардың өзекті мәселелерді дез кезінде анықтап, оны шешу жолдарын уақытында ұсынуға мүмкіндік беретінін айтты. «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, партиялық тыңдау кезінде жасалған ұсыныстардың барлығы тиісті органдарға жолданады. «Денсаулық» бағдарламасы әр қазақстандық үшін аса маңызды бастама. Сондықтан оның жүзеге асырылуы партияның қатаң бақылауында қала бермек.

 Анықтама үшін: Елімізде соңғы 5 жыл ішінде 381 денсаулық сақтау нысандары салынды. Оның 19-ы – аурухана, 41-і – емхана және 314-і – дәрігерлік амбулатория. Мемлекет медициналық мекемелерді заманауи қымбат жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Медициналық көмек көрсету жоғары технологиялық деңгейге жетті. Соның ішінде кардиохирургия, трансплантология, нейрохирургия, травмотология, ортопедия және тағы басқа салалар бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Маман даярлау ісі бойынша да елімізде және шетелдерде оқыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дамыған елдермен тәжірибе алмасу ісі де жүйелі жолға қойылды. Сондай-ақ көліктегі медицина, қашықтықтан кеңес беру медицинасы және телемедицина саласы қарқынды дамуда. Елімізде медицина саласының жетіліп, заманауи технологиямен жабдықталуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің квотасы бойынша шетелде емделуге мұқтаж науқастардың қатары азайды.