Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп денсаулық сақтау саласының кадр ресурстары жөнінде семинар-кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 31 мамыр - 1 маусым аралығында «Адами ресурстарды стратегиялық басқару және медициналық білім беруді жаңғырту» атты семинар-кеңес өткізді.

Аталған шара «Адами ресурстарды тиімді басқару» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Оған ҚР ДСМ, ЮНИСЕФ, ДДҰ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ұлттық денсаулық сақтау палатасы, кәсіби қауымдастықтар, облыстық және Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары, Назарбаев Университетінің медицина мектебі, денсаулық сақтау саласының білім беру және ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесте Денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын дамытудың 2013-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырудың қорытындылары, медицина кадрларының кәсіби жауапкершілігін кепілдендіру туралы заң жобасы, міндетті сертификаттауды медицина қызметкерлерін лицензиялау институтына ауыстыру мәселелері талқыланды.

«Биылғы жылы медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін кепілдендіру жүйесін енгізуге дайындық жұмыстары жалғасады. Медициналық қателіктердің сыныптауышы, заңнамалық актілер әзірленді, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін кепілдендіру бойынша актуарлық есеп айырысу жүргізілді. Қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ішкі және сыртқы нарықтағы орнын күшейту, білім беру процесінің сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік қызметтерін қолдау мақсатында ҚР медициналық жоғарғы оқу орындары мен ТОП-500 тізіміндегі жетекші шетелдік медицина мектептерінің арасында стратегиялық серіктестік орнатылды», - деді денсаулық сақтау  министрі Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында адами ресурстарды стратегиялық дамыту мен оны жүзеге асыру шараларының негізгі бағыттары анықталды. Халықаралық ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, кәсіби медицина қауымдастықтарымен, денсаулық сақтау саласының үкіметтік емес секторымен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын одан әрі жаңғырту келешегі айқындалды.

«Министрлік қайта реттеудің 3негізгі бағытын айқындады. Бұл – институционалды қайта реттеу, үдерістерді қайта реттеу және бақылау-қадағалау қызметтерін қайта қарау. Институционалды қайта реттеу өзін-өзі реттеудің дамуын және мемлекеттік атқарымдардың, міндеттердің, оның ішінде медициналық ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды тіркеуден (аккредитациядан) өткізу, медициналық көмек көрсету стандарттарын әзірлеу, т.б. қызметтерінің үкіметтік емес секторға немесе бәсекелес ортаға  берілуін болжайды.

Мемлекеттік атқарымдарды, міндеттерді 2017-2019 жылдар аралығында кезең-кезеңмен беру үшін, өзін-өзі реттеуді енгізу және кәсіби медицина қауымдастықтарының ролін арттыру үшін нормативтік база жасалады. Медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу мақсатында, 2019 жылға қарай сала сарапшыларынан тұратын, медициналық қызметтер сапасы жөніндегі бірлескен комиссия өзін-өзі реттеу ұйымына ауыстырылады», - деп атап өтті Е. Біртанов.

Семинар-кеңесте мейіргерлерге, жалпы практика дәрігерлеріне үздіксіз білім беру жобасының жүйесінде ерте дамыту бойынша пилоттық оқу бағдарламалар енгізу тәжірибесі ұсынылды.

Семинар-кеңестің екінші күнінде «кіші топтар» форматында қоғамдық денсаулық сақтау қызметін кадрлық қамтамасыз ету, кадр қызметтерін жаңғырту, мейіргерлер ісі қызметін дамыту мәселелері талқыланды.