ДСДРО халықаралық әріптестерімен ынтымақтастық жоспарларын талқылады

Бүгін Астана қаласында «Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық серіктестермен өзара әрекеттестік тиімділігін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (ДСДРО).

Дөңгелек үстел жұмысына АҚШ-ның ауруларды бақылау және оның алдын алу  жөніндегі  Орталық Азиядағы орталығының (CDC) аймақтық директоры Дафна Моффет, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының (ДДҰ) елдік кеңсесінің өкілі Салтанат Егеубаева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) консультанты Лариса Тихонова, БҰҰ Тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілдері Гаухар Әбуова мен П.Виллануэва, Дүниежүзілік банк, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, т.б. өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел өткізудегі мақсат – ДСДРО-ның даму векторы туралы серіктестерді ақпараттандырып, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара ынтымақтастықты нығайту.

Талқылау кезінде Дафна Моффет 50-ден аса елдер мен халықаралық ұйымдарды біріктіріп отырған Денсаулықты қорғаудың ғаламдық бағдарламасын (ДҚҒБ) таныстырды. Аталған жоба әлемнің 196 елінде қабылданған міндетті құқықтық құжат – Халықаралық медициналық-санитарлық ережелердің (ХМСЕ) тезірек енгізілуіне мүмкіндік береді. ХМСЕ шеңберінде елдер ДДҰ-ын аурулардың таралуы және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жайттар туралы хабардар етіп отырулары тиіс.

«Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді (ХМСЕ) және 2017-2021 жылдарға арналған Денсаулықты қорғаудың ғаламдық бағдарламасын (ДҚҒБ) енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» жобасы Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен 19 бағыт бойынша Қазақстанды ішкі бағалау нәтижелері бойынша құрылды.

Дөңгелек үстел барысында ДСДРО бас директорының міндетін атқарушы А.Айыпханова ДСДРО-ның 5-жылдық стратегиялық іс-жоспарының жобасымен таныстырды.

«Біздің стратегиялық жоспарымыз халықаралық практикалар мен тәжірибелерді негізге ала отырып, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, біздің ғылыми әлеуетімізді көтеруге, денсаулық сақтау жүйесінің адами ресурстарын тиімді басқаруға және ДСДРО институционалды тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті ол.

ЮНФПА өкілдері қызметтердің, ақпараттардың және отбасын ұзақмерзімді жоспарлаудың заманауи құралдарының тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ететін отбасын жоспарлау қызметін дамыту қажеттігін сөз етті. Аталған жоспардың мақсаты – 2030 жылға қарай азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, олардың өсіп-өнуіне (репродуктивті денсаулық қызметі) қолайлы жағдай жасап, гендерлік теңдікке қол жеткізу.  

 «Бірінші кезеңде негізінен акушерлік стационар деңгейінде нәтижелі перинатальдық технологияларды енгізуге, шұғыл акушерлік және неонатальдық көмекті жақсартуға көңіл бөлінді. Нәтижесінде ана өлімі айтарлықтай азайды. Қазіргі кезеңде антенаталды күтім мен отбасын жоспарлау мәселелерін күшейткенде ғана көрсеткішті одан әрі төмендету және оны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне жеткізу мүмкін болмақ», – деді Гаухар Әбуова.