Қазақстанда тәуелсіз медициналық сарапшылардың қызметі қайта ұйымдастырылатын болады

Астанада 2017 жылдың 12 мамырында тәуелсіз медициналық сарапшылардың, медицина қызметкерлері қауымының және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін қорғау институтын дамыту. Қазақстан Республикасындағы тәуелсіз медициналық сарапшылардың өзекті мәселелері. Денсаулық сақтау саласындағы медиация» тақырыбында конференция болып өтті. Конференция аясында тәуелсіз медициналық сарапшылардың жұмыстарын қайта ұйымдастыру жөнінде бірқатар шешімдер қабылданды.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасында тәуелсіз медициналық сараптама жүргізудің ұйымдастырушылық-қызметтік моделін талқылау нәтижесінде мынадай шешімдер қабылданды:

- Ұлттық Денсаулық сақтау Палатасы базасында тәуелсіз медициналық сарапшылар тізілімін жасау;

- Қоғамдық денсаулық сақтау комиссиясының құрамына тәуелсіз медициналық сарапшыларды тарту механизмдері бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

- көрсетілген медициналық көмек сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз медициналық сарапшылардың жауапкершілігін арттыру;

- көрсетілген медициналық көмек сапасына сараптама жүргізу кезінде туындаған күрделі және даулы жағдайларды талдау үшін беделді, құзыретті тәуелсіз медициналық сарапшылардан тәуелсіз сараптама Кеңесін құру;

- көрсетілген медициналық көмек сапасына қатысты азаматтардан түскен шағым-өтініштерді талдау кезінде медиация механизмдерін енгізуді насихаттау жұмыстарын күшейту;

- елімізде жүргізілетін МӘМС шараларын ескере отырып, енгізудің жаңа құралдарын ойластыру: сапаның міндетті стандарттарынан тұратын клиникалық басшылық/клиникалық хаттама (КХ). Сапаның міндетті стандарттары денсаулық сақтау саласының бағалау технологияларын қолдану арқылы жасалған КХ негізінде құрылады. Аталған стандарттар сапаны бақылау, сараптамалық бағалау, электронды мониторинг қызметтеріне негіз болмақ.

Аталған конференцияны «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» атты әлеуметтік науқан аясында Ұлттық Денсаулық сақтау Палатасы мен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ұйымдастырды.