ДДҰ Қазақстанда «Денсаулыққа ықпал ететін мектептер» жобасын іске қосты

ДДҰ Еуропа аймақтық бюросы 2017 жылы «Қазақстандағы денсаулыққа ықпал ететін мектептер» пилоттық жобасын іске қосты. Аталған жоба Қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі Парм декларациясының (2010 жылғы) іргелі ережелерінің біріне негізделген. Бұл хаттама шеңберіндегі басым бағыт – Жалпыеуропа аймағындағы мектептердің үлгісі бойынша барлық балаларға қоршаған ортада қолайлы, дұрыс жағдай жасау.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Орта Азия мектептерінің 30%-дан көп бөлігінде сантехника және сумен жабдықтау жүйесі қанағаттанарлық деңгейде емес.  Осы себепті, ДДҰ Еуропа аймақтық бюросы денсаулыққа ықпал ететін мектептер жобасын жүзеге асырмақ.

Ағымдағы жылдың 24-25 сәуірінде Алматы қаласында ҚР-дағы ДДҰ Ел офисінің жәрдемімен аталған жоба бойынша кезекті басқосу өтті. Талқылауға ҚР 4 аймағынан (Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтау) 6 пилоттық мектептің өкілдері, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дмыту республикалық орталығының өкілдері, ДДҰ Ел офисінің және ДДҰ Еуропа аймақтық бюросының қызметкерлері қатысты.

Денсаулыққа ықпал ететін мектептердің жаңа үлгісі – оқушылардың дене шынықтыру белсенділігін жаппай дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтандыру және таза ауыз сумен қамтамасыз ету, оқушылардың денсаулықтарына қатысты мәселелерде топқа ата-аналарды, жергілікті атқарушы органдарды тарту.

2016 жылы мектеп медицинасы ҚР БҒМ-нен ҚР ДСМ-не берілді. Қазіргі уақытта  ҚР ДСМ мектептердегі медицина қызметін, оның ішінде мектептегі  мейірбике қызметін қайта қарастыруда. Яғни, мектептегі медицина қызметкерлерінің жұмысы оқушылардың бойындағы аурулардың алдын алу, жасырын күйзеліс, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін, белгілерін ерте анықтау жағына бағытталады.

Мектептерде денсаулықты күтуге және мектепке тән-шартты сырқаттар санын азайтуға  бағытталған технологиялар енгізілетін болады.

Сондай-ақ,  жоба аясында құжат айналымын электронды форматқа көшіру, ата-аналары үшін құпия қолжетімді болатын оқушылардың денсаулықтары туралы бірыңғай ақпараттық деректер базасын жасау, денсаулық топтарын анықтау арқылы оқушылардың электронды денсаулық төлқұжаттарын жасау жұмыстары жүргізіледі. 

 Жаңа үрдістің қорытынды нәтижесі мықты денсаулыққа, тиісінше оқудағы жақсы жетістіктерге, оқушылар үлгерімінің жақсаруына қол жеткізу болмақ.