Медицина ұйымдарына заманауи HR-саясатын енгізу

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткізген «100 – күн, 100 – мәселе, 100 - шешім» әлеуметтік науқанының аясында медицина ұйымдары деңгейінде адами ресурстарды басқару тиімділігінің төмендігі мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Аталған мәселені шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы кадр менеджментінің барлық сатысында – кадрларды жоспарлау (штаттық кестені, лауазымдық нұсқаулықтарды жасау, т.б.), персоналды іздестіру, кандидаттарды таңдау және іріктеу, жаңа қызметкерлерді қабылдау және бейімдеу, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау, қызметкерлер еңбегінің жемістілігін бағалау және әлеуетін көтеру, оларды ынталандыру шараларында заманауи HR технологияларын қолдануды ұсынатын үлгілік бағдарлама әзірледі.

 ҚР медициналық ұйымдары ағымдағы жылдан бастап кадр бөлімдерін кезең-кезеңмен заманауи кадр қызметіне ауыстырып, ұйым деңгейінде персоналды басқару (корпоративті кадр саясаты) бағдарламасын енгізулері тиіс.

Қазіргі уақытта медицина ұйымдары арасында адами ресурстарды басқарудың үлгілік бағдарламасын енгізу мәселесі бойынша ақпараттық шаралар жүргізілуде (барлық денсаулық сақтау басқармаларына үлгілік құжаттама пакеті жіберілді, кадр қызметі мамандары үшін оқыту үлгілері мен әдістемелік материалдар әзірленді).

Осы жылдан бастап әзірленген тиімділікті бағалау өлшемдеріне сәйкес, персоналды басқаруда корпоративтік саясатты енгізу нәтижелері жыл сайын бағаланатын болады. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Адами ресурстарды тиімді басқару» жобасы аясында «Персоналды басқарудың корпоративтік саясатын енгізген мемлекеттік медициналық ұйымдар үлесі» мақсатты көрсеткіші белгіленді. Аталмыш көрсеткіш республикалық ұйымдарда корпоративті саясатты 2017 жылы 100% енгізуді, ал аймақтық ұйымдарда көрсеткішті бұл деңгейге кезең-кезеңмен 2020 жылға дейін жеткізуді қарастырады.