ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ HR-МЕНЕДЖЕРЛЕРІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДРЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН МЕҢГЕРДІ

Түркістан облысындағы 47 мемлекеттік медициналық ұйымның HR-менеджерлері «HR-менеджмент: Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды басқарудың заманауи технологиялары» атты семинарға қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты - персоналды басқару саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алу, жоспарлау және талдау бойынша практикалық дағдыларды дамыту.

Семинар аясында қатысушылар: кадрлар бойынша статистикалық нысандарды жүргізу және есептілік дайындау бойынша тәжірибелік дағдыларға ие болды, жаңартылған әдістеме бойынша медициналық кадрлар тапшылығын есептеу тәсілін меңгерді, нормативтер мен нақты қажеттіліктерді ескере отырып, штаттық кестені қалыптастыру мен негіздеуді үйренді, HR-менеджменттің заманауи құралдарымен және еңбек заңнамасын тәжірибеде қолданумен танысты.

Сондай-ақ, оқыту барысында саланың цифрлық дамуы жағдайында тұрақты кадрлық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған стратегиялық тәсілдер мен персоналды басқарудың заманауи технологияларына ерекше назар аударылды.

Айта кету керек, ҰҒДСДО денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстар бойынша Ұлттық үйлестіруші ретінде әрекет етеді және кадрлық ресурстарды болжау, мониторинг жүргізу және басқарудың жүйелі тәсілін дамытуға әдістемелік қолдау көрсетеді.