Кадр мәселесі басты назарда

 

      Соңғы жылдары медициналық кадрлардың тапшылығы әлемдік деңгейдегі ең өткір мәселелердің біріне айналуда. Медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыз ету медициналық көмектің, сондай-ақ, жалпы экономиканың сапасы мен қолжетімділігінің маңызды бөлігі болып табылады.

      Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу үшін елімізде денсаулық сақтау жөніндегі тұжырымдамалар, Ұлттық жобалар іске асырылуда.

      Осындай жобалардың бірі Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айрықша тоқталған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы болып табылады.

       Ұлттық жобада кадрлық тапшылықты еңсеру үшін бірнеше шаралар кешені қарастырылған.

       2025 жылға дейін ауыл халқына көмек көрсететін медициналық кадрларының ағымдағы және болжамды қажеттіліктін қалыптастыру үшін бүгін ҚР ДСМ және ҰҒДСДО өкілдерінің қатысуымен кадрлармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін және өңірлердің денсаулық сақтау кадрлық ресурстарына қажеттілікті талқылау басталды.

      Аталған жұмыс Қарағанды және Ұлытау облыстарынан бастау алды.

      Осы тектес кездесулер қалған өңірлердің өкілдерімен кесте бойынша 22 қыркүйекке дейін жүргізілетін болады.

 

       Анықтама:

      Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауын жүзеге асыру аясында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірліп, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №962 қаулысымен бекітілген болатын.

      Жобаның негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру.

      Жоба шеңберінде резидентурада бейінді мамандарды даярлауға бөлінетін гранттар санын ұлғайту, медициналық ұйымдар жұмыскерлері жалақысының мөлшерін кезең-кезеңімен көтеруді, тұрғын үймен қамтамасыз етуді, медицина кадрларының үздіксіз кәсіби дамуы үшін жағдай жасауды, дәрігердің оған тән емес бірқатар функцияларын беру жолымен орта медицина жұмыскерінің мәртебесін күшейтуді, «тәлімгерлік институтын» ендіруді, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қоса алғанда шаралар кешені көзделген.