Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары жөнінде семинар өтті

Бүгін, 28 қазан күні Астана қаласының №10 емханасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті және Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының ұйымдастыруымен "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасын іске асыру аясында адами капиталды дамыту және кадрлық әлеуетті күшейтудің өзекті мәселелері бойынша семинар өтті. 

 

 

 

Жиынға денсаулық сақтау басқармалары басшыларының орынбасарлары, еліміздің денсаулық сақтау персоналын басқару қызметтері мен медициналық ұйымдар өкілдері қатысты.

 

 

 

Жиын барысында қатысушылар ағымдағы жағдай мен ДДСҰ әдістемесі негізінде кадрлық ресурстарды жоспарлау және болжау әдістерін қолданысқа енгізу мәселелерін талқылады, өңірлердің медицина қызметшілерімен қамтамасыз етілу көрсеткіштеріне бағалау жүргізді. Семинар қатысушылары елімізде орын алған кадрлық ресурстар тапшылығына айрықша көңіл аударды, осыған байланысты өңірлердің кадр тапшылығын есептеу әдістерін қайта қарауға қатысты ұсыныстары тыңдалды.

 

 

 

Өз баяндамаларында Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО мамандары қатысушыларды денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары, жұмыспен қамтылу, білім мен кадр миграциясы бойынша мәліметтерді жинақтаудың халықаралық тәжірибесін таныстырды.  

 

 

 

 

 

Сонымен қатар Павлодар және Қостанай облыстарының денсаулық сақтау басқармалары өкілдері сөз алып, резидентурада тапшылыққа ие мамандықтар бойынша медициналық кадрларды даярлауға арналған білім беру гранттарын бөлу, сондай-ақ өңірлерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау білдіру шаралары туралы баяндады. 

 

 

 

 

 

Семинар нәтижесі бойынша арнайы резолюция әзірленіп, реформаларды ары қарай іске асыру үшін өңірлерге жолданатын болады.

 

 

 

ҚР ДСМ "Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы" ШЖҚ РМК Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына шараны ұйымдастыруға қолдау білдіргені үшін алғыс айтады.