ҰҒДСДО сарапшысы Халықаралық МСАК конгрессіне қатысуда

 

13-14 қазан күндері Тараз қаласында «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек инновациялары» Халықаралық конгрессі  өтуде. Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің Алматы декларациясына 44 жыл, Астана декларациясына 4 жыл толуына орайластырылған шараға ҰҒДСДО сарапшылары атсалысып отыр.

 

 

Конгрессті Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

 

 

 

Іс-шара Қазақстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау министрліктері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропа орталығы өкілдерінің, халықаралық және отандық үздік сарапшылардың, Қазақстан мен Ресей мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, кәсіби медициналық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар,  мемлекеттік мекемелер, медициналық жоғары оқу орындары, медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің басын қосты. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы атынан конгресске Денсаулық сақтауды стандарттау және жетілдіру департаментінің директоры Гүлжан Мұханова қатысуда.

 

 

 

Халықаралық конгресс бағдарламасы екі күнге шақталған. Шараның бірінші күнінде қатысушылар Жамбыл облысындағы 3 орталық аудандық аурухана мен қалалық №5 аурухана базасындағы Үздік тәжірибе орталықтарының жұмысымен танысты.

 

Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің Үздік тәжірибе орталықтары денсаулық сақтаудың алғашқы буынындағы түрленудің үздік үлгісін көрсете алды. Қазақстанның медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейтуге деген ынтасы Ресей мен Қырғызстаннан келген қонақтардың қызығушылығын оятты.  

 

 

Екінші күні Конгресс денсаулық сақтаудың 5 бағыты – «МСАК деңгейіндегі медициналық көмек сапасын басқарудың тиімді тәсілдері», «МСАК мультипәндік командасының адамға бағытталған қағидаты негізінде халық денсаулығын күшейтудің прогрессивті технологиялары», «МСАК-тегі қаржылық инновациялар мен жобалық басқару», «Денсаулық сақтаудың алғашқы буыны деңгейіндегі мейіргер ісінің новаторлық және заманауи парадигмалары», «Ақпараттық технологиялар – МСАК-ті басқарудың бизнес-үрдістерін және қоғаммен байланысты қолдау құралы» тақырыптарындағы пленарлық және панельдік сессияларға ұласты.