22-23 сәуірде Нұр-Султан қ. «Шығыс Еуропа және Орталық Азия (ШЕОА) өңірінде денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Ұйымдастырушылар «Денсаулық сақтау технологияларын, дәлелді медицинаны және фармакоэкономикалық зерттеулерді бағалаудың қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ (KazSPOR) Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығымен ынтымақтастықта және Қазақстандық денсаулық сақтау технологияларын бағалау агенттігі (KazAHTA) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ Денсаулық сақтау технологияларын бағалау бойынша халықаралық мамандар қоғамының (HTAi) және Денсаулық сақтау экономикасы және нәтижелерді зерттеу саласындағы халықаралық қоғамның (ISPOR) қолдауымен.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният халықты сапалы медициналық көмекке тең қол жеткізумен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы саясаттың негізгі қағидаты екенін хабарлады.
«Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) – халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды кезеңдерінің бірі, ол денсаулық сақтаудың неғұрлым клиникалық және экономикалық тиімді технологияларын қолдану үшін іріктеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстан осы салада табысты жұмыс тәжірибесіне ие, сондай-ақ GIN, ISPOR, HTAi және INAHTA халықаралық ұйымдарының институционалдық мүшесі», - деп атап өтті А.Ғиният.
Мәселен, соңғы 5 жылда 450-ден астам хирургиялық араласулар мен диагностикалық әдістерге бағалау жүргізілді, халықаралық патенттелмеген атаулар бойынша 1049-дан астам дәрілік заттардан және дәрілік заттардың 7 мыңға жуық сауда атауларынан тұратын Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярдың тізбесі әзірленді және жыл сайын қайта қаралады. Қазақстанда денсаулық сақтау технологияларын бағалау қағидаттары негізінде 1100-ден астам клиникалық хаттамалар әзірленіп, жұмыс істейді.
«Аталған іс – шаралар медициналық көмекті стандарттауға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға, ал ел халқына денсаулық сақтаудың дәлелденген клиникалық және экономикалық тиімді технологияларын алуға мүмкіндік берді», - деп жалғастырды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ISPOR Денсаулық сақтау экономикасын зерттеу және нәтижелерді бағалау Халықаралық қоғамының президенті Исао Камае (Жапония), HTAi денсаулық сақтау технологияларын бағалау Халықаралық қауымдастығының президенті Вайя Оортвин (Нидерланды) және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназаровалар шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Халықаралық конференцияда медициналық көмекпен жаппай қамтуды қамтамасыз ету құралы ретінде ДСТБ-ның маңызды және өзекті мәселелері көтерілді. Бұл ретте денсаулық сақтау технологияларын бағалау бойынша халықаралық сарапшы Кшиштоф Ланда (Польша) денсаулық сақтау саласында ДСТБ нәтижесін пайдалана отырып, дәлелді шешімдер қабылдауға болатынын алға тартты. Syreon Research зерттеу институтының басшысы Золтан Кало (Венгрия) Шығыс Еуропадағы жалпыға бірдей медициналық сақтандырудың тұрақтылығын арттырудағы ДСТБ рөлі туралы баяндады. Салидат Қайырбекова Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасы Александр Костюк ДСТБ-ның Орталық Азиядағы денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту тұрақтылығын арттырудағы рөліне тоқталды.
Қазақстанда денсаулық сақтау технологияларын бағалау рәсімі алғаш рет 2010-2013 жылдары Дүниежүзілік банк пен Үкіметтің бірлескен жобасын іске асыру барысында енгізілді. ДСТБ клиникалық тиімділік дәлелдерін бағалау және экономикалық бағалауға негізделетін және денсаулық сақтау жүйесіндегі шығындарды оңтайландыруға, бюджет қаражатын пайдалануды ұтымды етуге бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдаудың тиімді құралы.
20-дан астам елдің сарапшылары қатысқан халықаралық конференция аясында панельдік, пленарлық сессиялар мен ғылыми-практикалық симпозиумдар өтті. Қатысушылар атап өткендей, конференция кәсіби қарым-қатынас орнату, оқыту, жинақталған тәжірибе мен озық идеялармен алмасу үшін тиімді пікірталас алаңына айналды. Шараның қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінде денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды дамыту мен денсаулық сақтау саласындағы саясатты қалыптастыруда үлкен маңызға ие болмақ.