Конференция ҰҒДСДО атауының өзгеруі мен еліміздің көрнекті саяси қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, алғашқы әйел Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың есімінің берілуіне орайластырылған. Сондай-ақ, іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Шарада Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), БҰҰ халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА), халықаралық және шетелдік ұйымдардың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері және ғылыми-академиялық ортаның өкілдері сөз сөйледі.
Конференцияның пленарлық отырысын ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз сөзінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесі КВИ пандемиясына байланысты туындаған сын-қатерлерге екінші жыл қарсы тұрып жатқанын атап өтті.
«КВИ бойынша әлемдегі және елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай санитарлық эпидемиологиялық қызметтегі бірқатар проблемаларды анықтады. Бұл, ең алдымен, жұқпалы аурулардың алдын алу, бақылау және әрекет етуде анық байқалды. Коронавирустық инфекция пандемиясы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды дамыту қажеттігін де айқын көрсетті. Осы және басқа да проблемалардың барлығы сала деңгейінде де, ұлттық деңгейде де тиімді шешімдер қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты конференция ұлттық жүйені дамытудағы барлық проблемалық мәселелерді талқылау және шешу алаңына айналады деп ойлаймын», - деді А.Цой.
Конференцияның ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың үндеуі оқылды. «Денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы, қолжетімді және тиімді жүйесін құру Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған ұзақ мерзімді саяси бағыттың бірінші кезектегі мақсаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының түйінді жалпыұлттық басымдықтарының қатарына жатады. Бүкіл әлем және біздің ел коронавирустық пандемия кезеңінде ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын дәлелдеді»,- делінген мәтінде.
Ералы Тоғжанов сонымен қатар дәрігерлер мен медбикелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының коронавирустық инфекциямен күрестегі қажырлы еңбегін жоғары бағалады.
«Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің болашағына көз жүгіртсек, біз оның халықтың денсаулығына төніп тұрған және жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беруге, COVID – 19 жаңа толқынымен күресу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға және сонымен бірге негізгі медициналық қызметтерді ұсынуға тұрақты дайындығын қамтамасыз етуіміз керек», - дейді Ералы Тоғжанов.
Конференция жұмысына қатысқан шетелдік әріптестер – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық аймағының аймақтық директоры Ханс Клюге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік кеңсесінің жетекшісі Кэролайн Кларинваль, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан кеңсесінің (ГҚО) басшысы Мелита Якаб Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Салидат Қайырбекованың атымен аталуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Конференция барысында Салидат Зекенқызының еңбек жолы, салада атқарған қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Онда әріптестер С. Қайырбекованың елдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, медициналық ұйымдарды аккредиттеуге, лицензиялауға және басқа да оң өзгерістерге қосқан баға жетпес үлесін еске алды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов конференцияда 4 бағыттан, 9 міндет, 22 көрсеткіш және 74 іс-шараны қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған «Әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына тоқталды.Ұлттық жобаның барлық бағыттары бүгінгі конференцияның баяндамаларының негізіне айналды. Спикерлер ұлттық жоба бағыттарын бойынша ҚР денсаулық сақтау жүйесін дамытудың қазіргі сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктері туралы өз ойларымен бөлісті.
ҰҒДСДО Басқарма Төрағасы Камалжан Надыровөз кезегінде Орталықтың еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлін атап өтті, сондай-ақ негізгі және жаңа бағыттарға тоқталды.
«Жаңа мәртебе бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз алға қойған жаңа бағыттардың қатарында ғылыми зерттеулерді жүргізу де бар. Бұдан басқа, ұйым құрылымында қазірдің өзінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту орталығы (МСАК), ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі жобалық кеңсесі құрылды. Аталған орталық қызметінің басым бағыттары – МСАК ұйымдарын жабдықтау және инфрақұрылымын дамыту, үздік тәжірибе орталықтарын, МСАК кадрлық әлеуетін дамыту, цифрландыру, қаржыландыру мен нормативтік актілерді жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді талдау», - деді К.Надыров.
Жалпы конференция бағдарламасы 6 бағыт бойынша 36 баяндамадан тұрады, онда спикерлер Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың қазіргі сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды.
Шарада денсаулық сақтау жүйесін дамытудың келесі өзекті мәселелері талқыланады: Қолжетімді және сапалы медициналық көмек; Денсаулық сақтаудағы адами ресурстарды дамыту; Эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру; Қолжетімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар; Салауатты өмір салтын ұстанатын және бұқаралық спортты дамытатын тұрғындар үлесін арттыру; Медициналық көмекті қаржыландыру тиімділігін арттыру.
Халықаралық онлайн-конференция соңында барлық 6 параллель сессияның жұмысы қорытындыланды. Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО Басқарма Төрағасы Камалжан Надыров халықаралық және қазақстандық сарапшыларға алғыс білдіріп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамытуда одан арғы қадамдарын белгілеуде жүйелі тәсіл мен ашық талқылаудың маңыздылығын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарлы ғылыми және нақты деректер негізінде саясатты қалыптастырудың қажеттігін атап өтті.