Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті әдіснамалық сүйемелдеу орталығы құрылды

 

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың төрағалығымен ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисінің (ГҚО) басшысы Мелитта Якабтың қатысуымен алғашқы медициналық-санитариялық көмекті әдіснамалық сүйемелдеу орталығын құру жөнінде онлайн-кеңес өткізді.
Кездесуге ведомстволық бағынысты республикалық денсаулық сақтау ұйымдары мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың өңірлік денсаулық сақтау басқармалары да қатысты.

 

«Бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек Денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буыны болып табылады. Көптеген медициналық-әлеуметтік мәселелерді шешу оның тиімді жұмыс істеуіне байланысты, Қазақстан Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы екі декларацияның отаны болып табылады. Қазір біздің міндетіміз осы екі декларацияны да жүзеге асыру, сол арқылы декларативті ұсыныстардан нақты істерге көшу», - деді Денсаулық сақтау министрі А.Цой.

МСАК-тың негізгі проблемаларын шешу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының құрылымында МСАК-ты әдіснамалық сүйемелдеу орталығын құру туралы шешім қабылдады. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының Басқарма Төрағасы Камалжан Надыров баяндама жасады.

 

Өз баяндамасында Қ.Надыров құрылып жатқан МСАК әдіснамалық сүйемелдеу орталығының өзектілігі, мақсаты және негізгі міндеттеріне тоқталды. Пациенттердің қанағаттанбауы, мемлекет декларациялайтын көмек көлемі мен МСАК қызметін нақты қаржыландыру арасындағы теңгерімсіздік, цифрландыруды жеткіліксіз енгізу, инфрақұрылымның әлсіздігі, кадр тапшылығы сияқты негізгі проблемалық мәселелер айтылды.

 

Құрылатын МСАК-ты әдіснамалық сүйемелдеу орталығының мақсаты халық үшін бастапқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болады. Орталықтың міндеттері МСАК-ты ұлттық деңгейде әдіснамалық сүйемелдеу, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, МСАК-тың үздік практикалары орталықтарына, ұйымдарға әдіснамалық қолдау, МСАК-ты одан әрі, оның ішінде ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде жетілдіру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу болып табылады.

 

Кездесу соңында А.Цой МСАК-ты әдіснамалық сүйемелдеу орталығы ДДҰ-ның географиялық жағынан қашық орналасқан офисімен бірлесіп, халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау ұйымдарына әдіснамалық қолдау көрсететініне сенім білдірді.