Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында кәсіби мереке – Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Қатысушылар алдымен COVID-19-дан қайтыс болған медицина қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
 
 
 
Салтанатқа қадірлі қонақ ретінде ҚР Денсаулық сақтау Вице - министрі Әсем Нүсіпова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Лариса Павловец, Еуразиялық медицина қауымдастығының Вице-президенті Надежда Петухова, Нұр-Сұлтан қаласы «Health promotion agency» ЖШС басшысы, ҚР ДСМ ардагерлер кеңесінің мүшесі Қанат Ермекбаев, «Нұр Отан» партиясы «Байқоңыр» ауданы төрағасының бірінші орынбасары Айдос Шәріпжанов қатысып, ДСДРО ұжымын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Пандемия қоғамға денсаулық сақтау саласының маңыздылығын тағы бір дәлелдеді. Осы ауыр кезеңде халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау жолында аянбай күрескен ақ халатты абзал жандардың қызметі ерлікпен тең. Біздің міндетіміз бір – ол Денсаулық сақтау жүйесін бірлесе отырып дамыту. ДСДРО ұжымы осы істе кәсібилік таныта отырып, өз үлесін қосып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында сіздерді шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, амандық тілеймін»,-деді ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Әсем Нүсіпова.
Ә.Нүсіпова Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің марапаттарын табыстады. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Басқарма Төрағасының кеңесшісі Алмат Джувашев, Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығының басшысы Гүлзира Жүсіпова, Экономика және денсаулық сақтау технологияларын бағалау орталығының бөлім бастығы Лаззат Есбатырова марапатталды.
Экономика және денсаулық сақтау технологияларын бағалау орталығының бөлім басшысы Заид Жолдасов және Білім мен ғылымды дамыту орталығының бас сарапшысы Әсел Әбдуажитова «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.
 
 
 
Сонымен қатар Денсаулық сақтау менеджменті және кадрлық ресурстар орталығының бас менеджер-талдаушысы Руслан Уримов, Экономика және денсаулық сақтау технологияларын бағалау орталығының бас маманы Рано Джилкайдарова ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығының бас маман-талдаушысы Айым Сқақоваға табыс етілді.
Іс-шара шеңберінде COVID – 19 таралуының алдын алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің алғыс хатымен Экономика және ДСБ орталығының басшысы Әділет Табаров, Инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас менеджері Жанаркүл Оспанова, Медициналық көмекті талдау бөлімінің бастығы Шолпан Накенова, Медициналық көмекті дамыту бөлімінің бас маманы Рауза Кенжеқұлова, Медициналық көмекті жетілдіру орталығының бас маманы Рамиз Кулиев және Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығының бас маманы Айнұр Басибекова марапатталды.
 
Кәсіби мереке құрметіне денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін 13 қызметкерге ДСДРО Басқарма төрағасының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.
«Дәрігер мамандығы қаншалықты құрметті әрі маңызды болса, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар да бұл салада маңызды роль атқарады. ДСДРО 27 жыл бойы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қомақты үлесін қосып келеді. Алар асуларымыз әлі де алда екеніне сенімдімін. Өкінішке орай пандемия кезінде бірқатар әріптестерімізден айрылдық. Біз әрқашан олардың есімдерін есте сақтайтын боламыз... Кәсіби мереке күні әдетте медицина саласы қызметкерлеріне зор құрмет көрсетіледі. Бұл күн сонысымен де маңызды біз үшін. Баршаңызды құттықтай отырып, алдымен зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Камалжан Надыров.
 
Салтанатты шара барысында қызықты интерактив ұйымдастырылды, жиналғандар өнер ұжымдарының қатысуымен өткен концертті тамашалады.