Құрметті әріптестер!
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы «Полипрагмазия (дәрілік заттарды шамадан тыс қолдану)» және «Амбулаториялық деңгейде инъекциялық препараттарды пайдалану»атты әлеуметтік роликтері әзірледі. Медицинаның және фармакологияның қарқынды дамуы тәжірибелік денсаулық сақтауға емдеуге, науқасты құтқаруға және оның жағдайын жақсартуға бейімделген әртүрлі дәрілік препараттардың үлкен көлемін жасауға және енгізуге алып келді. Науқасқа оның барлық ауруларынан айығуға көмектесу ниеті медициналық қызметкерлердің көп мөлшерде дәрілік заттарды тағайындауына әкеледі. Дәрілік заттарды ұтымсыз пайдаланудың ең көп таралған түрлері (ДДСҰ, 2002), ең алдымен, науқасқа дәрінің үлкен көлемін бір мезгілде тағайындауды қамтиды. Бір науқасқа дәрінің үлкен көлемін негізсіз, тіркесімсіз бір мезгілде тағайындауды ұтымсыз полифармакотерапия немесе дәрілік полипрагмазия («poly» - көп және «pragma» - зат, нәрсе) деп қарастырған жөн. 5-тен төмен дәрілерді қолдануда жағымсыз жанама әсерлердің пайда болу қаупі 5%-дан аспайды, ал 6 және одан көп дәрілерді бір мезгілде қолданудан ол 25%-ға дейін ұлғаятыны туралы есте сақтау керек. Бұлшықетішілік және көктамырлық инъекциялар көптеген адамдар үшін дәрілерді ауыз арқылы қабылдаудан гөрі тиімді емдеу әдісі болып саналады. Бірақ бұл кең тараған миф болып табылады. Сонымен қатар инъекциялық препараттарды, соның ішінде үй жағдайында, дұрыс емес және жиі қолдану қан арқылы таралатын аурулардың (В, С гепатиті, АИТВ - инфекциясы) таралу қаупін жоғарлатуы, сонымен қатар пациенттер мен денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын арттыруы мүмкін. Осыған байланысты, өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті арттыру жөнінде халық арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу қажет.