2019 жылдың 1 тоқсанында ДСДРО Денсаулық сақтау экономикасы орталығы жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентін (ЖБНЫК) бөлу жүйесіне – индикаторлардың нысаналы мәндеріне қол жеткізуге негізделген медицина қызметкерлерін ынталандыру жүйесіне талдау жүргізді.
ЖБНЫК тетігі Қазақстанда 2011 жылдан бастап әрекет етеді және алғашқы буын медицина қызметкерлерін қосымша ынталандыру жүргізуге мүмкіндік береді. Ынталандыру әрбір өңір үшін нысаналы мәні медициналық-демографиялық көрсеткіштерге және денсаулық көрсеткіштеріне байланысты белгіленетін түпкілікті нәтиженің 8 индикаторына қол жеткізу қорытындысы бойынша жүргізіледі:
- МСАК деңгейінде алдын алуға болатын аналар өлім-жітімі;
- МСАК деңгейінде алдын алуға болатын 7 күннен 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі;
- Асқынған жіті респираторлық инфекциялармен емдеуге жатқызылған 5 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы;
- Перзентханадан шыққаннан кейін алғашқы 3 тәулік ішінде жаңа туған нәрестелерді патронаждық қатынасулармен қамту;
- Уақытылы диагностикаланған өкпе туберкулезі;
- Сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісіктерін қоспағанда, 0-1 сатыдағы визуалды орналасқан қатерлі ісіктердің алғаш анықталған жағдайлары;
- Жүрек-қантамыры жүйесі (миокард инфаркты, инсульт) ауруларының асқынулары бар науқастарды емдеуге жатқызу деңгейі;
- Негізделген шағымдар.
ЖБНЫК бөлу жүйесінің ағымдағы жағдайына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша түпкілікті нәтиже индикаторлары сезімтал емес және МСАК учаскелік қызметінің жұмысын толық көлемде көрсетпейтіні анықталды. Пилоттық апробация және регрессивті талдау 2016 ж. – 2018 ж. 12 МСАК ұйымдарында ЖБНЫК сомаларын қалыптастыру және бөлу негізінде жүргізілді.
ЖБНЫК қалыптастыру мен бөлудің, ЖБНЫК сомаларын бөлудің ағымдағы жағдайына жүргізілген талдаудың негізінде, сондай-ақ «нәтиже үшін» халықаралық қаржыландыру тәжірибесін ескере отырып, ДСДРО ЖБНЫК сомаларын қалыптастыру әдістемесін әзірледі.
Жаңа әдістеме 7 негізгі топқа бөлінген және басымдық бойынша бағалаудың баллдық жүйесі бар процестің 29 индикаторына негізделеді. Жаңа индикаторлар учаскелік қызметкердің жұмысын, оның ішінде ДББ және ПҚӘПМ ескеріліп толық көлемде көрсететін болады. Бұл әдістемені 2020 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарлануда.