ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитариялық алғашқы көмек учаскелерінде кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентінің төлемдерін бөлу тетігіне өзгерістер енгізді – алғашқы буын қызметкерлері үшін төлемнің ең төменгі және ең жоғарғы шекті мәндері белгіленді.
6 қарашада Денсаулық сақтау министрі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлерін көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы №429 бұйрығына өзгерістер енгізетін «Кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды.
Кешенді жан басына шаққандағы нормативтің (ЖБНЫК) ынталандырушы компонентінің төлемдерін бөлу тетігіне енгізілген өзгерістердің арқасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек учаскелерінде ЖБНЫК төлеу үшін ең төменгі және ең жоғарғы шекті мәндер белгіленген.
Сөйтіп, жалпы практика дәрігерлері бір мөлшерлемеге учаскедегі ЖБНЫК сомасының 30% – дан кем емес және 45% - дан аспайтын арақатынаста, учаскелік қызметтің жалпы практика мейірбикелері - бір мөлшерлемеге 10% - дан 30% - ға дейін төлем алатын болады. Бөлімше меңгерушілерінің ынталандырушы компонентінің мөлшері жетекшілік ететін бөлімшелер дәрігерлерінің ЖБНЫК орташа сомасына қарай анықталатын болады.
Бұл жаңашылдық ынталандырушы төлемдерді бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді – бүгінгі күнге дейін, қолданыстағы бұйрыққа сәйкес аумақтық учаскенің дәрігері ЖБНЫК сомасын өз қалауы бойынша бөлу арақатынасын анықтап келген. Бұл комиссия тарапынан ЖБНЫК-нің әділетсіз бөлінуін болдырмауға мүмкіндік береді және уәкілетті органдарға учаскелік қызметтің әрбір қызметкерінің ЖБНЫК төлеміне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті (ЖБНЫК) 2011 жылдан бастап әрекет етеді және учаскелік қызмет мамандарының жүргізген жұмысы негізінде оларды қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді. Учаскелік қызмет мамандарының жұмысын бағалау түпкілікті нәтиже индикаторлары, сондай-ақ ақпараттық жүйемен біріктірілген процесс индикаторлары бойынша жүргізіледі және ол бойынша төлем түпкілікті нәтиженің мынадай индикаторлары бойынша нақты табылған баллдардың негізінде жүргізіледі: МСАК деңгейінде алдын алуға болатын ана мен бала өлім-жітімі, асқынған жіті респираторлық инфекциялармен емдеуге жатқызылған 5 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы, жаңа туған нәрестелерді перзентханадан шыққаннан кейін алғашқы 3 тәулік ішінде патронаждық келулермен қамту, өкпенің дер кезінде диагностикаланған туберкулезі, көзге көрінетін жерде орналасқан қатерлі ісіктің және сүт безі мен жатыр мойны обырының алғаш анықталған жағдайлары, жүрек-қантамыр жүйесі (миокард инфаркті, инсульт) аурулары асқынған науқастарды емдеуге жатқызу деңгейі, негізделген шағымдар.