2019 ж. 25 қазанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының қолдауымен Назарбаев Университетінің Медицина мектебі базасында Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Астана Декларациясының қабылдануының бір жылдығын мерекелеуге арналған дөңгелек үстел өткізді.
Қонақтар алдында ҚР-ның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға негізгі спикерлер ретінде Шияма Курувила (штаб пәтер, Женева), Клейтон Гамильтон (Еуропалық аймақтық бюро, Копенгаген), Олег Честнов (елдік кеңсе, Нұр-Сұлтан) және Энн Йохансен (МСАК жөніндегі географиялық қашықтағы кеңсе, Алматы) сияқты ДДҰ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, іс-шарада денсаулық сақтауды қаржыландыру саласындағы халықаралық серіктестік ынтымақтастық желісінің (P4H) өкілі Клод Мейер, ЮНИСЕФ-тің елдік кеңсесінің өкілі Қанат Суханбердиев және Қартаю мәселелері жөніндегі ұлттық денсаулық сақтау және ғылым институтының (Италия) өкілі Франческо Барбарелла сөз сөйледі. Іс-шараның пленарлық бөлігін ҚР ДСМ Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының м.а. Айнұр Айыпханова модераторлық етті.
Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Денсаулық сақтау басқармаларының, Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының өкілдері, МСАК мамандары, академиялық қоғам және басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Іс-шараның МСАК-ты күшейтудің стратегиялық және жедел тетіктеріне арналған екі параллельді техникалық сессиядан тұратын екінші бөлімінде халықаралық сарапшылармен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, оның ішінде Денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылармен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Уәлихан Ахметов, Астана медициналық университетінің ректоры Дайниус Павлкис, МСАК жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Асқар Хорошаш, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының Басқарма төрағасы Роза Абзалова және оның атқарушы директоры Инна Стратулат өз пікірлерімен бөлісті.
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2018 жылғы 25 қазанда Қазақстан елордасында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) және Қазақстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырған медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі жаһандық конференция өтті. Конференцияға 150 шақты шет мемлекеттен 2200 делегат, оның ішінде 78 министрлер мен вице-министрлер, 80 үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар қатысты. Конференция нәтижесінде ДДҰ-ға мүше 194 мемлекет ұлттық медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту арқылы халықты қолжетімді және сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге мемлекеттің бейілділігі көрсетілген Астана қаласының МСАК жөніндегі декларациясын қабылдады.
МСАК жөніндегі Астана декларациясында Үкімет пен мүше мемлекеттердің өкілдері МСАК-ты нығайту адамдардың дене және психикалық денсаулығы деңгейін, сондай-ақ әлеуметтік әл-ауқатты арттырудың неғұрлым толық, тиімді және нәтижелі тәсілі болып табылатындығына және МСАК-тың денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға (ДСҚЖҚ) және денсаулыққа байланысты Тұрақты дамыту саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті мықты денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы болып табылатындығымен келісті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында 2019 жылғы 23 қыркүйектен бастап денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту мәселесі бойынша Жоғары деңгейдегі отырыс өтті Отырыс нәтижесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен келісілген және мемлекет пен үкімет басшылары мақұлдаған «Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту: неғұрлым салауатты әлем құру бойынша бірлескен күш-жігер» атты саяси декларация қабылданды. Кейіннен, ДСҚЖҚ жөніндегі саяси декларация халықты қолжетімді және сапалы медициналық қызметтермен жаппай қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігерге негіз болады.
Денсаулық сақтау министрі бастаған қазақстандық делегация осы отырысқа қатысып, Саяси декларацияны қолдау ретінде «МСАК Алматы декларациясында жарияланғандай және Астана декларациясында қайта расталғандай, денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға қол жеткізу және денсаулыққа байланысты Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға жету үшін қажетті денсаулық сақтаудың тұрақты жүйесінің іргетасы болып табылады» деп мойындап сөз сөйледі.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы тарихи МСАК жөніндегі Алматы декларациясының және жаңа МСАК жөніндегі Астана декларациясының отаны ретінде және елдің ішінде денсаулық сақтау саласын мемлекеттің саяси қолдауының арқасында МСАК-ты бүкіл әлемнің медициналық қоғамдастығы арасында ілгерілетуде көшбасшы беделіне ие. Бұл МСАК-ты нығайту, денсаулық сақтаудағы кадрлық әлеуетті күшейту бойынша үздік практиканы енгізуге және жалпы елде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.