ДСДРО 2019 жылдың 1-ші жарты жылдығы бойынша медициналық ЖОО-ларды, ҒЗИ, ҒО ғылым бойынша рейтингтік бағалау қорытындысын шығарды

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы 2019 жылдың 1-жартыжылдығындағы ғылыми және инновациялық қызмет көрсеткіштері бойынша медициналық ЖОО-лардың, ҒЗИ, ҒО рейтингтік бағалау қорытындысын шығарды және 2016 жылдан бергі кезеңдегі рейтингтік көрсеткіштер серпініне баға берді.

 

2019 жылдың 1-ші жарты жылдығында медициналық ЖОО рейтингісінде келесі ұйымдар алдыңғы орында тұр: 1-ші орында – «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ, 2-ші орында – «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ, 3-ші орында – «Батыс Қазақстан медицина университеті» КЕАҚ.

 

Клиникалық бейіндегі медицина ғылымы ұйымдарының арасында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы үздік деп танылды, рейтингте 2-ші орынға Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ие болды, 3-ші орынды Ұлттық ғылыми медициналық орталық иеленді.

 

Клиникалық емес бейіндегі ұйымдар арасында көшбасшылар М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы (1-орын), Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (2-орын) және Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (3-орын) болды.

 

Рейтингтік бағалау нәтижелері туралы толық есеп ДСДРО сайтында қолжетімді.

 

ДСДРО Білім және ғылымды дамыту орталығы жүргізген медициналық ЖОО және ҒЗИ, ҒО-дың ғылыми және инновациялық белсенділігін талдау нәтижелері бойынша ғылыми және инновациялық қызметті одан әрі ынталандыру үшін мыналар ұсынылады:

 

Медициналық ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдар деңгейінде:

 

  • Университеттер мен ғылыми ұйымдардың жаһандық рейтингтері қалыптастырылатын KPI негізінде қызметкерлерді ғылыми-зерттеу қызметіне тиімді уәждеу және ынталандыру үшін жағдай жасау;

  • Ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін қосымша ақы төлеу практикасын қайта қарау – қосымша ақылар «өмір бойы» емес, соңғы жылдары ғылыми белсенділігі болған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. (мысалы, PhD және ғылым кандидаттары үшін мынадай талап қоюға болады - соңғы 5 жылда Scopus және Web of Science индекстелетін рецензияланатын басылымдарда кемінде 2 жарияланым, Хирш индексінің болуы = 1, ғылым докторы үшін - соңғы 5 жылда Scopus және Web of Science индекстелетін рецензияланатын басылымдарда кемінде 3 жарияланым, Хирш индексінің болуы = 3);

  • Ғылым саласындағы жетістіктерге баса назар аудара отырып, ПОҚ мен ғылыми қызметкерлерді ұдайы аттестаттау практикасын енгізу. Бұл ретте доцент, профессор, кафедра меңгерушісі лауазымдарына тағайындау тек қана ғылымдағы KPI жетістіктерінің нәтижелері бойынша жүзеге асырылуы тиіс;

  • Аттестаттау нәтижелері бойынша ПОҚ және ғылыми қызметкерлердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру - ғылыми құзыреттілікті дамытумен байланысты курстарда;

  • Ғалымдарды қолдау инфрақұрылымын дамыту – эндаумент-қорлар, коммерцияландыру кеңселері, бизнес-инкубаторлар және/немесе технопарктер, ғылым жөніндегі жобалау кеңселері;

  • ҒЗИ, ЖОО ҒО халықаралық жобаларға тартуды, стратегиялық серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету;

  • ORCID, ResearchGate және т. б. беделді халықаралық платформаларда ҒЗИ, ЖОО, ҒО бейіндерін, іске асырылатын ғылыми жобалар мен қызметкерлердің жеке бейіндерін құруды және тұрақты өзектендіруді қамтамасыз ету;

  • Студенттер мен жас ғалымдарды ҒЗЖ-ға тарту бойынша жұмысты жандандыру (студенттік ғылыми үйірмелер, оқуға Researched-based learning енгізу, студенттер мен жас ғалымдарға арналған конференциялар мен конкурстар, жазғы/қысқы мектептер, хакатондар мен т. б.).

 

Уәкілетті органның деңгейінде:

  • Салалық конкурстар мен гранттар жүйесі арқылы ғалымдар мен зерттеушілерді атаулы қолдау тетіктерін дамыту, перспективалы ғылыми қызметкерлер үшін «әлеуметтік лифтілер» құру қажет. 
  • Ғылыми және инновациялық қызметтің төмен көрсеткіштері (шекті мәндерге қол жеткізу) үшін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ:
  • рейтингте аутсайдерлерге әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау;
  • ғылыми және инновациялық қызметтің төмен көрсеткіштерін көрсететін ұйымдар үшін жоғары оқу орнынан кейінгі оқытуға мемлекеттік тапсырысты төмендету;
  • ұйымда «ғылыми ұйым» мәртебесінің болуы орындылығын қарау - егер рейтингте бірнеше жыл теріс динамика байқалса.
  • Қайталама зерттеулерге (клиникалық хаттамаларды әзірлеуге және т. б.) тартылатын ұйымдардың тізбесін бекіту кезінде бастапқы зерттеулер дамыған ұйымдарға артықшылық беру қажет;
  • Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға мемлекеттік тапсырысты бөлу және базалық қаржыландыру көлемін бекіту кезінде ҒЗЖ-ның жоғары көрсеткіштерін көрсететін ұйымдарға артықшылық беру қажет.

 

 

 

 

 

 

Анықтамалық ақпарат:

 

Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткіштерін бағалау ҚР ДСМ 2013 жылғы 12 шілдедегі №404 бұйрығымен бекітілген медициналық ғылым мен медициналық ЖОО ұйымдарын ранжірлеу әдістемесіне және 2015 жылы өзектендірілген ғылыми және инновациялық қызмет индикаторларын бағалау алгоритміне сәйкес жүзеге асырылды.

Ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларды бағалау кезінде мынадай негізгі индикаторлар ескеріледі:

- орындалатын ғылыми зерттеулердің көлемі (ғылыми бағдарламалардың саны мен қаржыландыру көлемін қоса алғанда),

- Scopus және Web of Science-та индекстелетін халықаралық рецензияланатын басылымдардағы мақалалар,

- соңғы 5 жылдағы ғылыми жұмыстардан дәйексөздер келтіру (Scopus, Web of Science, Google Scholar және т. б. деректер қоры бойынша ғылыми жұмыстардан алынған дәйексөздер саны мен қызметкерлердің Хирш индекстерін қоса алғанда),

- патенттер және өзге де қорғау құжаттары (оның ішінде халықаралық, ұлттық патенттер және зияткерлік меншік куәліктері),

- ғылыми әзірлемелер (клиникалық хаттамаларды, монографияларды, нұсқаулықтарды және т. б. қоса алғанда),

- ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру (коммерцияландырылған технологиялар саны мен алынған пайда көлемін қоса алғанда) және технологиялар трансферті (МТБ нәтижелері бойынша),

- халықаралық конференцияларға қатысу (баяндамаларды және тезистер жарияланымдарын қоса алғанда).