ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы құрамында ДСДРО қызметкерлері Ташкентке барды

26-27 тамызда Қазақстан делегациясы Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездесіп, Ташкенттің медициналық ұйымдарына барды.

 

Құрамында ДСДРО бас директоры Айнұр Айыпханова, ДСДРО медициналық туризмді дамыту бөлімінің бастығы Ғалымжан Сейсенбек және « Қазақстандық жеке медициналық құрылымдарқауымдастығы» ЗТБ төрайымы және ҚР ДСМ бизнес кеңесінің мүшесі Гүлнара Өтепова бар қазақстандық делегация бірінші күні Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне Қазақстанның денсаулық сақтау реформасы туралы таныстырды.

 

Сондай-ақ, ӨР Денсаулық сақтау министрі Алишер Шадмановпен кездесу барысында МСАК, МӘМС, цифрландыру, медициналық туризмді дамыту тақырыптары, сондай-ақ ағымдағы жылдың қараша айында «Өзбекстандағы Қазақстан Жылы» аясында Өзбекстандағы Қазақстандық медицина күндерін өткізу талқыланды. 

 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы бойынша, МСАК жөніндегі Астана декларациясын ілгерілету шеңберінде Қазақстандағы МСАК дамыту тақырыбында аудандық денсаулық сақтау басқармаларының, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен Дөңгелек үстел өткізілді.

 

Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлішер Шадмановтың бастамасы бойынша қазақстандық делегация Қазақстанда МӘМС енгізу тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастырды, оған Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Юсупалиев Баходир Кахраманович, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ли Донг Ук, Өзбекстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Ашрафханов Бахром Баходирович және Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары Министрлігінің басқарма бастығы қатысты. 

 

Ташкенттегі екі күндік сапар барысында делегация қаланың жетекші медициналық ұйымдарының бірі - «Акфа Медлайн» жекеменшік көпсалалы медициналық орталығына барып, Өзбекстанның жеке клиникаларының өкілдерімен кездесті.

 

Екі Министрліктің жемісті жұмысының нәтижесінде өзбек делегациясы МСАК, МӘМС және Денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы реформаларды енгізу жөніндегі тәжірибемен танысу және қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласына келуді жоспарлайды.