ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде «Халық денсаулығы туралы» жаңа Кодекс жобасындағы дәрігердің мәртебесі мәселесі бойынша кеңес өтті

2019 жылғы 13 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті мен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ұйымдастыруымен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексі жобасындағы дәрігердің мәртебесі» мәселесін талқылау бойынша кеңес өтті.

Іс-шараға ғылым және білім беру ұйымдарының, кәсіподақ ұйымдарының және денсаулық сақтау саласындағы кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Кеңестің модераторлары ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының м. а. Сәуле Сыдықова мен ДСДРО бас директоры Айнұр Айыпханова болды.

ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа Кодекс жобасына сәйкес денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық ресурстарын дамыту мәселесі бойынша Кодекс жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша негіздемелерді егжей - тегжейлі түсіндіре отырып, атап айтқанда, 28-тараудың 264-267 баптары (Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстар) және 29-тараудың 268-273 баптары (медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі) бойынша ДСДРО Менеджмент орталығының басшысы Салтанат Идрисова сөз сөйледі.

Талқылау барысында медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен қорғалуын арттырудағы кәсіби медициналық ұйымдардың рөлі мен орны, білім беру сапасы және медициналық қызметті лицензиялаудың жаңа жүйесіне көшуді ескере отырып, кәсіби дағдылар мен құзыреттілікті бағалау мәселелері көтерілді. Біліктілігі мен өңірлік ерекшеліктерін  және т. б. ескере отырып медицина қызметкерлерінің ең төменгі жалақы деңгейін көтеру және реттеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін және әлеуметтік қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.

 

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда дәрігердің мәртебесін арттыру мәселесі аса маңызды болып табылады және Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ҚР Кодексінің жобасына ҚР кәсіби медициналық ұйымдарымен келісілген нормаларды барынша мұқият қарауды және қабылдауды талап етеді деген пікірге келді.