Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында сағат 10: 00-ден 13:00-ге дейін Назарбаев Университеті Медицина мектебінің базасында 2020-2025 жылдарға арналған халық денсаулығын жақсартудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс жобасының алғашқы көпшілік тыңдауы өтті.
Талқылауды Денсаулық сақтау Вице-министрі Ләзат Ақтаева жүргізді. Көпшілік тыңдауына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық университеттердің, ұлттық институттар мен ғылыми орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық агенттіктердің, медицина қоғамдастығының өкілдері және денсаулық сақтаудың белгілі ұйымдастырушылары қатысты
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова Мембағдарламаның бағыттары мен Кодекс жобасының құқықтық нормалары арасындағы өзара байланысты көрсете отырып мемлекеттік бағдарлама мен жаңа кодекстің жобаларын таныстырды. Болашақта денсаулық сақтаудың дамуын айқындайтын осы негізгі құжаттарды талқылау интерактивті модерацияның және қатысушылардың сапалы ұсыныстарының арқасында қызу, сындарлы және қызықты өтті.
Денсаулық сақтау экс-министрі Жақсылық Досқалиев университет клиникаларын жоғары оқу орындарының меншігіне беру және клиникалардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту бөлігінде медициналық білім беру сапасын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын айтты, сондай-ақ амбициялық міндеттер қоюға және оларды одан әрі келісу кезінде батыл қорғауға тілек білдірді.
«Аланда» жеке клиникасының директоры Серік Ибраев Мембағдарламаны іске асыру барысында мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізуді бағалау мен тәуекелдерді басқарудың маңыздылығын атап өтті.
Экс-сенатор, денсаулық сақтауды ұйымдастырушы Бексұлтан Тұтқышев ІЖӨ-ден денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың үлесін ІЖӨ-ден денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығыстардың үлесі бойынша индикаторға балама ретінде қарауды; еңбекақы төлеуді арттыру шеңберінде мейірбикелер жалақысының қаланған деңгейін анықтауды; медициналық қызметтер тарифінде амортизациялық аударымдарды ескеруді ұсынды.
Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының директоры Болатбек Баймаханов әрбір өңірде ірі көп бейінді (облыстық) аурухананы құру немесе ұйымдастыру қажеттілігі туралы; қаражат көзін көрсете отырып - мүмкіндігінше қосымша қаражат арқылы дәрігерлер жалақысын көбейту бойынша нақты есептеулердің қажеттілігі туралы; жабдықтар мен ғимараттардың тозуын ең төменгі стандарттарға дейін жою қажеттігі туралы айтты.
темекіге қарсы ҮЕҰ өкілі Джамиля Садыкова өмір сүру ұзақтығының елеулі гендерлік алшақтығын төмендету үшін темекі өнімдерінің айналымын реттеу бөлігінде мәтінді жақсартуды ұсынды.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай дәрігерлерді әкімшілік және ұйымдастыру жұмыстарынан босату мүмкіндігімен дәрігерлік персонал жұмысының тиімділігін тексеру қажеттігін; мультидисциплинарлық командалар құрудың маңыздылығын атап өтті; халықтың өзін-өзі көмек көрсету үшін денсаулық туралы жалған ақпарат көздеріне жүгінуін азайту үшін дәрігерлермен чат-бот сияқты қазіргі заманғы байланыс құралдарын қолдануды ұсынды.
«ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК бас дәрігері Бауыржан Байсеркин үкіметтік емес секторда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды дамыту мәселесін көтерді және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторын тұрақты дамыту қажеттілігіне байланысты олармен шарттарды 3 жылға дейін ұзартуды қарастыруды, сондай-ақ осал топтар үшін алдын алу бағдарламаларын бюджеттеуді ұсынды.
UNFPA өкілі Серік Тәңірбергенов БҰҰ-ның Мембағдарлама жобасында тұрақты даму мақсаттары мен көрсеткіштерін ұстанғаны үшін Денсаулық сақтау министрлігіне алғысын білдіріп, медициналық ұйымдардың ішінде инфекциялық бақылау мәселелерін жеке бөліп көрсетуді; микробиологиялық зертханаларды стандарттауды ұсынды; репродуктивті және жыныстық денсаулықты қолдау, жыныстық жолмен берілетін ауруларды басқару бойынша ұсыныстар берді.
Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин мен Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов мәйітханаларды Денсаулық сақтау министрлігінің юрисдикциясына беру қажеттігін айтты; профессор-оқытушылар құрамының (ғылыми-педагогикалық кадрлардың) мәртебесін, олардың еңбекақысын қоса арттыруды; резидентурамен алты жылдық оқуға көшуді және жалақы торабында түлектер мен резиденттерге еңбекақы төлеу деңгейін арттыруды; студентті грант бойынша оқыту құнын қайта қарауды; «community health workers» (денсаулық мәселелері бойынша халықпен жұмыс істейтін қызметкерлер) және парамедиктерді дайындауды жоспарлауды ұсынды.
Сондай-ақ, қатысушылар медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды, бірақ қаражатты шоғырландырумен және жағдайларды сапалы сараптаумен шығындарды жұмыс берушінің ішкі резервтері есебінен емес, уәкілетті ұйым арқылы қаржыландыра отырып енгізуді қолдауда өз пікірлерін білдірді. Өз ұсыныстарын айта отырып, UMC ҚФ төрағасы Жақсыбай Жұмаділов; ҚР Парламентінің депутаты Иван Клименко; Дүниежүзілік Банктің өкілі Бақтыбек Жұмаділ; Ұлттық балаларды оңалту орталығының басшысы Шолпан Бөлекбаева; МӨЗ өкілі Құлахметов; ҰҒКО Басқарушы директоры Алтай Нәбиев, ҮЕҰ өкілдері; Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры Раушан Досмағамбетова сөз сөйледі.
Талқылаудың қорытынды бөлімінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқармасының Төрағасы Айбатыр Жұмағұлов; Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Талғатов, ҚР ДСМ (ТҚҚЖСБК) комитетінің орынбасары Жандарбек Бекшин сөз сөйледі.
Әрбір ұсынысқа модератор Л. Ақтаева сарапшылардың талқыланатын құжаттарға нақты мәтін енгізу бойынша ұсыныстар бөлігінде түсініктеме берді.
Сөз соңында Еуразиялық медициналық қауымдастықтың президенті, ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Надежда Петухова сөз сөйледі және талқылауды қорытындылады.
Алдағы уақытта үкіметтік емес секторды қоса алғанда, барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, қосымша талқылау өткізу жоспарланып отыр. Қарау үшін ұсыныстар мына поштаға қабылданады: newgprz@rcrz.kz
Кодекстің және Мембағдарлама жобаларының өзекті материалдарымен сілтеме бойынша танысуға болады.